Президент сайлауы: ОСК үш үміткерді тіркеуден бас тартты

Оның кадидатурасын 11 қазанда «Оралмандардың «Асар» бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынған болатын.

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұловтың баяндауынша, Хайрулла Ғабжалилов ҚР президенттігіне кандидат ретінде тіркелу үшін тиісті барлық құжаттарды тапсырған. Кейін үміткер туралы деректерді тексеру үшін ІІМ, мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік, әділет министрлігі және Қазақстан Республикасы бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінен ақпарат сұратылған.

Нәтижесінде кандидаттың мемлекеттік қызмет өтілінің болмауына байланысты Орталық сайлау комиссиясы ҚР конституциялық заңының 54-бабы 7 және 3-тармақтарына, сонымен қатар 59-бабына сәйкес ҚР президенттігіне кандидат Хайрулла Ғабжалилов қойылатын талаптарға сәйкес келмейтіні анықталған.

Осылайша, үміткерді тікеуден бас тарту туралы шешім көтерілді. Оны Орталық сайлау комиссиясының мүшелері бір ауыздан мақұлдады.

Сонымен қатар ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұловтың айтуынша, ҚР ІІМ деректеріне сәйкес, Хайрулла Ғабжалилов ҚР азаматы емес және Қазақстанда кейінгі 24 жыл тұрмаған.

Орталық сайлау комиссиясы ҚР президенттігіне кандидат ретінде ұсынылған тағы бір үміткерді тіркеуден бас тартты. Құзырлы орган Талғат Ерғалиевтің кандидатурасы талаптарға сәйкес келмейтінін анықтаған.

Оның кандидатурасын «Қазақстан құрылысшылар одағы» республикалық заңды тұлғалар бірлестігі 10 қазанда ұсынған болатын.

Мұхтар Ерманның айтуынша, үміткер Қазақстан құрылысшылар одағы жоғары органы отырысының президенттікке ұсыну туралы хаттамасынан үзінді, өмірбаян деректері, Орталық сайлау комиссиясының шотына сайлау жарнасының енгізілгенін куәландыратын құжат, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі және жоғары білімі туралы дипломының көшірмесін тапсырған.

Қабылданған құжаттарды арнайы органдар арқылы тексеру барысында Талғат Ерғалиевтің мемлекеттік қызметтегі жұмыс өтілі жеткіліксіз екені анықталған. Оның мемлекеттік органдарда жұмыс тәжірибесі 3 жыл 4 ай. Сонымен қатар оның кандидатурасын заңды ұйым ұсынған. Талапқа сәйкес, ҚР президенттігіне үміткер азамат сайлауға заңды ұйым атынан түспеуі тиіс. Осыған сай, Талғат Ерғалиев ҚР «Сайлау туралы» конституциялық заңның 55-бабы 1-тармағының ережелеріне сәйкес келмейді деп танылды. Тиісінше, ОСК үміткерді тікеуден бас тарту туралы шешім қабылдады.

Сонымен қатар ҚР президенттігіне үміткер ретінде ұсынылған Фатима Бизақованың да кандидатурасы талаптарға сай келмейтін болып шықты.

Орталық сайлау комиссиясы отырысында Фатима Бизақованың мемлекеттік қызметтегі жұмыс өтілі жоқ екені анықталған. Осыған байланысты Орталық сайлау комиссиясы оның кандидатурасын ҚР «Сайлау туралы» конституциялық заңның 54-бабында көзделген ережелерге сәйкес емес деп таныды. Сәйкесінше, құзырлы орган Фатима Бизақованы ҚР президенттігіне кандидат ретінде тікеуден бас тарту туралы шешім қабылдады.

Айта кетсек, бұл үміткердің кандидатурасын «Тәжірибелік психология» қоғамдық бірлестігі ұсынған болатын.