Талғат Ерғалиев президенттікке ұсынған кандидатурасын қайтып алды

Президенттікке Құрылысшылар одағы атынан ұсынылған Талғат Ерғалиев кандидатурасын қайтып алды. Бұл туралы «Ақ жол» демократиялық партиясының баспасөз қызметі хабарлады.

Партияның сайтындағы мәліметке қарағанда «Ақ жол» төрағасы Азат Перуашев Қазақстан Құрылысшылар одағы атынан президенттікке кандидат ретінде ұсынылуға өтініш берген Талғат Ерғалиевпен кездескен. Жуырда партияның съезінде алты үміткерге құпия дауыс беріліп, Талғат Ерғалиев 31,6% дауыспен екінші орын алған еді. Азат Перуашев үміткердің жасаған таңдауына құрметпен қарайтынын айтты. Партия төрағасының айтуынша, съезге қатысушылардың көп дауысына ие болғанын ескергенде оның мұндай қадамға баруы да түсінікті. Бірақ Азат Перуашев партия атынан бір кандидат — Дания Еспаеваның таңдалғанына байланысты басқа үміткерлердің де ортақ шешім төңірегіне топтасуы керек екенін еске салды.

Талғат Ерғалиев партия съезіндегі дауыс беруге қатысты наразылығы жоқ екенін айтты. Оның айтуынша, өзінің Қазақстанның Құрылысшылар одағы атынан ұсынылуы дұрыс, өйткені ұйымды бұрыннан басқарады, саланың проблемалары мен халықтың қолжетімді баспанаға мұқтаждығын жетік біледі және бұл мәселеге мемлекет деңгейінде жеткіліксіз көңіл бөлініп отыр деп есептейді. Оның үстіне, бұл сайлауда бір қоғамдық бірлестіктен немесе партиядан бірден үш үміткер ұсынғандар да болды. Дегенмен «Ақ жол» партиясына деген құрметке байланысты және партия төрағасымен әңгімелескеннен кейін Орталық сайлау комиссиясынан өтінішін қайтып алуға және Дания Еспаеваның сайлауалды кампаниясына қатысуға дайын екенін мәлімдеді.

Азат Перуашев Қазақстан Құрылысшылар одағы төрағасына ниеттестігі мен ерге тән әрекеті үшін алғыс білдірді.

Еске салайық, бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы президенттікке кандидат ұсыну кезінде барлығы 9 адамнан құжат қабылданғанын хабарлаған еді.