Сайт әуеліде «Сұрақ-жауап» платформасы ретінде жұмыс істеді. 2016 жылы «Қазақстан жаңалықтары» жобасы қосылып, ақпараттық-танымдық бағытта контент дайындай бастады. Ал 2017 жылы сайт домені Baribar.kz болып өзгерді.

Baribar.kz 12 жыл ішінде ауқымды аудитория жинаған, жарнама берушілер мен оқырманның сеніміне ие болған сәтті жобаға, медиаға айналды, көп журналистке тәжірибе орны болды. Интернет-статистика сервистерінде бірнеше жыл қатарынан топ-10 медианың қатарында келеді.

Қазіргі күні порталымызды айына 2 миллионнан астам қолданушы оқиды, ай сайын 3,5 миллионнан астам беті қаралады.

Редакция 2022 жылы Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілдігі мен Халықаралық даму жөніндегі АҚШ агенттігінің қолдауымен Ekpebar жобасын қолға алды. Өйткені екпеге қатысты көпшілікке түсінікті ақпарат жеткілікті деңгейде ұсынылмай келеді.

Редакция арнайы жоба аясында вакцина ғылыми-зерттеу мәліметтеріне, дәлелді медицинаға cүйеніп, танымдық мақалалар жариялады. Сайтымыздан ата-ана өзіне және баласына вакцина салдыру туралы қандай да бір пайдалы мәлімет білсе немесе екпеге қатысты алыпқашпа сөздердің не себепті жалған екенін түсінсе, мақсатымыздың орындалғаны деп білеміз.

Baribar.kz порталы өзінің 12 жылдық мерейтойы қарсаңында бір айлық уорк-шоп курсты өткізіп жатыр. Курс болашақ медиамамандардың қазіргі кәсіби нарық талабына сай ақпарат жасаудан бастап танымдық-публицистикалық лонгридтер жазуға дейінгі білімдерін кеңейтуді мақсат етеді. Ондаған жас журналист осы күні редакцияның күнделікті жұмысына, ішкі шеберханасына бейімделіп жатыр.

Бәрібар 12 жыл
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Сайт журналистері медиа қызметкерлері арасындағы бірнеше байқаудың жеңімпазы атанып, шетелдегі алмасу бағдарламасы бойынша білімін жетілдіріп келді.

Baribar.kz алдағы уақытта да қазақша қызық, пайдалы контент өндіретін жоба ғана емес, қазіргі өмірге, оқиғаға, құбылысқа көзқарасы мен ұстанымы айқындалған медиа болуды көздейді.

Сайт оқырмандарына да осы айтулы дата құтты болсын дейміз!