Жигули Дайрабаев пен Мейрам Қажыкен мемлекеттік тіл емтиханынан өтті

2022 жылғы 8 қазанда Қазақстан Республикасы орталық сайлау комиссиясында Жигули Дайрабаевтың және Мейрам Қажыкеннің мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау бойынша лингвистикалық комиссияның отырысы өтті. Лингвистикалық емтихан үш кезең бойынша өтті: тақырып бойынша жазбаша тапсырма орындау, әдеби шығармадан үзінді оқу және кандидат таңдаған тақырып бойынша көпшілік алдында кемінде он бес минут сөз сөйлеу, — делінген хабарламада.

Комиссия емтихан аяқталған соң талқылау өткізіп, қорытындылады.

Отырыстың қорытындысын лингвистикалық комиссияның төрағасы, филология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Ахметов айтты.

Жигули Дайрабаев «Менің елім, менің жерім» тақырыбында жазба жұмысын жазған. Жұмыстың мазмұны, стилі, емлесі, тыныс белгілері бойынша бағаланды. Кандидат берілген уақытты толық пайдаланды. Екінші тапсырма бойынша Абайдың өлеңдерін оқыды. Үшінші тапсырма бойынша «Күшіміз – бірлікте» тақырыбына өз ойын 15 минут көлемінде баяндады.

Емтихан қорытындысы бойынша Лингвистикалық комиссия Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаевтың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігі туралы ашық дауыспен бірауыздан шешім қабылдады.

Ал Мейрам Қажыкеннің жазба жұмысы «Қазіргі заманғы жаһандық мәселелер» тақырыбында болған. Жазба жұмысы мазмұны, стилі, емлесі, тыныс белгілері бойынша бағаланды. Кандидат берілген уақытты толық пайдаланды. Екінші тапсырма бойынша Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясынан үзінді оқыды. Үшінші тапсырма бойынша «Ырыс алды – ынтымақ» тақырыбына өз ойын 15 минут көлемінде баяндады.

Емтихан қорытындысы бойынша Лингвистикалық комиссия Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Мейрам Қажыкеннің мемлекеттік тілді еркін меңгергендігі туралы ашық дауыспен бірауыздан шешім қабылдады.