Кәсіпкерлікті дамытуға 1,6 трлн теңге бөлінді

Бұл туралы үкімет отырысында ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді.

«Ұлттық жоба шағын және орта кәсіпкерліктің бәсекеге қабілетті секторын қалыптастыруға, кәсіпкерлердің экономикалық белсенділігін арттыруға және субъектілер үшін тең жағдайлар жасауға бағытталған. Ұлттық жобаны іске асыру 4 бағыт бойынша жүзеге асырылады, яғни кәсіпкерлік белсенділікті арттыру, кәсіпкерлердің өсуін акселерациялау, жаңа бағыттар қалыптастыру, бәсекелестікті кешенді дамыту қамтылған. 10 міндет, 30 көрсеткіш және 69 іс-шара айқындалды», — деді Қуантыров.

Ұлттық жоба өз ісін ашу және дамыту үшін жағдай жасауға, субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру арқылы кәсіпкерлерді қолдау және кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне қарай дағдыларды дамытуға, кәсіпкерлік субъектілері үшін қаржыландыру тетіктерін жетілдіруге бағытталған.

«Ұлттық жобаның іс-шараларын қаржыландырудың жалпы көлемі 2021 жылға 897 млрд теңгеден астам соманы құрады, оның ішінде республикалық бюджеттен 271 млрд теңге қарастырылды. 2022 жылы ұлттық жобаны іске асыруға 1,6 трлн теңге жоспарланған, оның ішінде бюджеттен тыс қаражат 1,2 трлн теңгеден астам», — деді министр.