«Шапағат» базары мен «Сарыағаш» санаторийінің біраз жері мемлекетке қайтарылады

Комиссияның ресми өкілі Зейін Әліпбектің айтуынша, соттар жалпы сомасы 13,5 миллиард теңгеге жуық мүлікті мемлекет меншігіне қайтару туралы прокурордың 10 талап арызын қарап жатыр.

Мемлекет меншігіне қайтарылуы мүмкін мүліктің тізімінде мыналар бар:

  • Астанадағы «Шапағат» базары;
  • Шымкенттегі  қоқыс өңдеу кәсіпорындары – «Таза қала» МКК және «ЛТД Тұрмыс» ЖШС;
  • «Қазақ инновациялық университеті» ЖШС меншігіндегі Шымкенттегі 150 гектар жер телімі, құны 4,5 миллиард теңге;
  • «Сарыағаш» санатория-курорт кешенінен 1,44 гектар жер;
  • Ақмола облысында 17 мың гектар жер;
  • Алматы қаласында құны 2,9 миллиард теңге болатын 3,84 гектар жер;
  • «Найза-БН» ЖШС жарғылық капиталының 65 пайызы (Алматы қаласындағы «Барыс-4+» базары) бағалау құны 1,5 миллиард теңге.

«Активтерді кейіннен шығару, экономикалық ресурстарды монополиялық (олигополиялық) шоғырландыру мақсатында мемлекеттік мүлікті заңсыз иелену, міндеттемелерден, оның ішінде салықтық міндеттемелерден жалтару деректерін анықтау тұрғысынан азаматтық істер бойынша сот актілеріне де тексеру жүргізіледі. Қазір Жоғарғы сот қарауында жалпы сомасы 21 миллиард теңгеге олигополия өкілдері пайдасына жасалған сот шешімдерін қайта қарау туралы Бас прокуратураның 11 наразылығы жатыр», — деді Зейін Әліпбек.