Атырауда жөндеу жұмыстары аяқталған соң жолдың сапасы 97% жетеді

Бұл туралы Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Әлібек Мұханбеталиев айтты.

Осы уақытқа дейін қала бойынша жолдардың жағдайы 89,1% құраса, жөндеу жұмыстары аяқталған соң 97% жетеді деп жоспарланып отыр. Бұл жұмыстарға республикалық бюджеттен 10,5 миллиард теңге, жергілікті бюджеттен 1,5 миллиард теңге қаражат бөлінген.

Әуезов көшесінің 2,8 шақырымын қайта жаңғыртудан өткізу бойынша көшенің соңғы аялдамасы мен Құрманғазы мәдениет үйі аралығындағы бөліктері дайын, бірер күнде пайдалануға беріледі. Сонымен қатар Азаттық даңғылының 750 метрді құрайтын бөлігін 15-қыркүйекте аяғына дейін ашуды жоспарлап отырмыз. Ал Құрманғазы мәдениет үйінің алдындағы алаңды қыркүйек айының аяғына дейін қолданысқа тапсыру көзделіп отыр. Жол жөндеу жұмыстары жоспар бойынша жүргізіліп келгенмен, республика бойынша битум өнімдерінің тапшылығына орай жоғарғы ұсақ түйірлі асфальт жабындысын болжанған мерзімнен қалып келе жатыр. Қазір қала әкімдігімен бірлесе отырып, сонымен қатар облыс әкімінің орынбасарларымен битум өнімін жеткізу көлемін арттыру жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатыр, — деді Ә.Мұханбеталиев.

Атырау, жол жөндеу, ремонт, трасса
Фото: Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі

Сонымен қатар Балықшы кентінен Зарослый елді мекеніне дейінгі 3,9 шақырымды құрайтын автокөлік жолын 5 желтоқсанға дейін қолданысқа беру жоспарланған.

Атырау-Доссор трассасынан Томарлы елді-мекеніне дейінгі аралықтағы жалпы ұзындығы 2 шақырымды құрайтын автокөлік жолын биыл қараша айының аяғына дейін қолданысқа беру көзделіп отыр. Қазіргі таңда аталған жобаның 2 шақырым жолдың астыңғы қабаты толықтай төселіп, битум өнімдерінің кеш келуі құрылыс мерзімінің созылуына әсерін тигізіп отыр.

Сырым Датов көшесінің 4,7 шақырымын қайта жаңғыртудан өткізу жұмыстары бойынша жалпы ұзындығы 800 метрді құрайтын бөлігін 20 қазанға дейін, биыл жоспар бойынша қалған 1 200 метрді құрайтын бөлігін 5 желтоқсанына дейін ашу жоспарланған. Бұған қоса жылдың аяғына дейін қала ішіндегі  Берғалиев көшесінің 770 метр және А.Құнанбаев көшесінің 1,8 шақырым болатын бөлігін орташа жөндеуден өткізу жұмыстары жоспарланып отыр, — деді Ә.Мұханбеталиев.

Атырау мен қала аумағына қарасты елді-мекендердегі жалпы ұзындығы 135,8 шақырымды құрайтын 231 көшеге жол төсеу жұмыстары басталған. Жыл соңына дейін «Еркінқала-Ракуш-Балауса» ықшам ауданы, Бірлік-2, Геолог елді мекендеріне жаңадан 34,9 шақырым тас жол салынып, қолданысқа беріледі. Осы аталған жобалардың толықтай іске асырылуы битум өнімдерінің жеткілікті көлемде әрі уақтылы келуіне қарай жүргізілмек.