ШҚО бірнеше ауданында өртпен күрес жалғасып жатыр

Баспасөз қызметінің мәлеметінше, Күршім ауданында дала өртінің аумағы 1 300 гектарды құрап отыр. Жақын орналасқан елді мекендерге төніп тұрған қауіп жоқ. Өртті сөндіруге барлығы 270-ке жуық адам мен 34 техника жұмылдырылған.

Алтай ауданы «Зырян» орман шаруашылығы және «Быков» орманшылығын шарпыған қызыл жалынның жалпы ауданы 800 гектарға жетіп отыр. Суағар құрылғысы бар МИ-8 тікұшағы тартылған. Әуеден 12 тоннадан астам су төгілді. Бүгін өрт орнына ҚР Қорғаныс министрлігінің МИ-17 тікұшағы мен Семейдегі №68303 әскери бөлімінің қызметкерлері көмекке келмек, — делінген ақпаратта.

Бұдан бөлек, Катонқарағай ауданы Алтынбел ауылынан 12 шақырым жерде «Үлкен нарын» орман шаруашылығында бұта мен шөп жанып жатыр. Алдын ала дерек бойынша оттың жалпы ауданы – 1 200 гектар. Тілсіз жаумен күреске 280-нен астам адам мен 24 техника тартылды. Өрт орнында жедел штаб құрылды.