Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандар қоғамдық жұмысқа тартылады

«Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдату шеңберінде қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында тұрған адамға қатысты қосымша саралау белгісін енгізу қажет. Осы саладағы әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша қамауға алу мерзімінің төменгі шегін бес тәуліктен бастап белгілеу, сонымен бірге қайта құқық бұзушылықтар бойынша қамауға алу мерзімін 25 тәулікке дейін ұлғайту жоспарланып отыр», — деді сенбі күнгі үкімет отырысы кезінде ішкі істер министрі Марат Ахметжанов.

Сонымен бірге сотта тараптардың татуласу рәсіміне қойылатын талаптарды қатаңдату, атап айтқанда, құқыққа қарсы іс-әрекетті қайта жасаған кезде мұндай құқықты алып тастау қажет екені де айтылды.

«Бұл сонымен бірге зардап шеккендерге психологиялық қысым көрсетудің қатал тәжірибесін тоқтатуға мүмкіндік береді», — деді ІІМ басшысы.

Сонымен қатар ведомствода «ескерту» әкімшілік жазалау шараларын қоғамдық жұмыстарға ауыстыру мәселесі пысықталып жатыр – бұл көшелерді, қоғамдық аумақтарды тазалау, жол салу және жөндеу, қала аумақтарын көгалдандыру және абаттандыру, сонымен бірге басқа да әлеуметтік пайдалы жұмыстар.

«Жазаның бұл түрі ықтимал бұзушыларды өзінің мінез-құлқын бақылауға барынша тиімді ынталандырады», — деді Ахметжанов.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтуді ұсынған еді.