Ералы Тоғжанов Ақтөбе облысының әкімі болып тағайындалды

Мемлекет басшысының жарлығымен Ералы Лұқпанұлы Тоғжанов Ақтөбе облысының әкімі болып тағайындалды, ол Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары лауазымынан босатылды, — делінген хабарламада.

Бұған дейін Ақтөбе облысының әкімі қызметін Оңдасын Оразалин атқарған болатын.

Ералы Тоғжанов 1963 жылғы 13 мамырда Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. 1988 жылы Қарағанды мемлекеттік университетін, 1994 жылы Қазақстан Республикасының ғылым академиясының мемлекет және құқық институтын тәмамдаған. Мамандығы — заңгер.

Еңбек жолын 1980 жылы Орал облысы Октябрь орман шаруашылығының жұмысшысы ретінде бастаған. 1988-2001 жылдары Қарағанды мемлекеттік университетінде оқытушы, ҚР ғылым академиясының мемлекет және құқық институтының директоры, факультет деканы, Қазақ мемлекеттік заң университетінің филиалының директоры болған, ал 2001-2006 жылдары Қарағанды облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. 2006-2008 жылдары Қазақстан Республикасы әділет министрлігінің дін істері жөніндегі комитет төрағасы болған.

2008-2017 жылдары Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, ҚР президенті әкімшілігінің Қазақстан халқы ассамблеясының хатшылығының меңгерушісі, ҚР президенті әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі қызметін атқарған. 2017-2019 жылдары Маңғыстау облысының әкімі, 2019-2020 жылдары ҚР кәсіподақтар федерациясының төрағасы, 2020 жылы 11 ақпанда мемлекет басшысының жарлығымен ҚР премьер-министрінің орынбасары болып тағайындалған.

2021 жылы 18 қаңтарда ҚР президентінің жарлығымен осы қызметіне қайта тағайындалған.

2022 жылғы 11 қаңтарда ҚР президентінің жарлығымен Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары болып қайта тағайындалды.