Кофенің пайдасы

1. Сергітеді және жұмыс өнімділігін арттырады

Ол кофеиннің ағзаға әсер етуіне байланысты. Көптеген ғалымдар кофенің есте сақтау қабілетін арттырып, көңіл-күйді көтеретінін айтады.

Сонымен бірге, кофеин ағзадағы метоболизм процесін жылдамдатады. Мысалы, кофеин арық адамның бойындағы 29 пайыз майды ыдыратады екен. Ал толық адамдарда — 10 пайыз. Осы ыдыраған май жасушаларын ағза қосымша энергия көзі ретінде пайдаланады.

2. Жаттығудан кейінгі бұлшық ет ауруын басады

Зерттеушілер жаттығудан кейін екі шыныаяқ кофе ішуге кеңес береді. Олар өздері жасаған тәжірибеде жаттығудан келген адамдардың жартысына кофе ішкізген. Артынан бұлшық еттегі ауырсынуларын 0 мен 10 бал арасында өлшеулерін сұраған кезде, кофе ішкендердікі анағұрлым төмен болған.

3. Күйзелістен құтқарады

Кофеин ағзаның қозғалыс, есте сақтау және ойлау қабілеттеріне жауап беретін дофамин гормонын белсенді бөлдіреді. Бұл гормон рахаттану кезінде де көп бөлінеді екен. Сондықтан ғалымдар кофе күйзелістен құтылуға көмектеседі деп отыр.

Олар тәжірибе нәтижесінде күніне бір шыныаяқ кофе ішетін әйелдерде күйзеліске ұшырау дәрежесі 20 пайызға төмен болатынын анықтады.

4. Бауыр, асқазан ауруларының алдын алады

Сингапур ғалымдары күн сайын екі немесе одан да көп шыныаяқ кофе ішу бауырдың циррозға, қатерлі ісікке шалдығуының алдын алатынын айтады. Өтте тас жиналмайды.

Сондай-ақ 489 706 адам қатысқан тағы бір зерттеуде күніне 4-5 шыныаяқ кофе ішетін адамдардың асқазанында қатерлі ісіктің пайда болу қаупі 15 пайызға төмендейтіні анықталған.

 5. Диабет, Альцгеймер мен Паркинсон ауруларынан құтқарады

 

кофехана
©unsplash.com

457 922 адам қатысқан 18 зерттеудің нәтижесінде әрбір шыныаяқ кофенің диабетке шалдығу қаупін 7 пайызға төмендететіні дәлелденді. Себебі кофе глобулин гормонына әсер етеді. Ол өз кезегінде диабеттің дамуында айтарлықтай рөл ойнайтын тестостерон мен эстрогеннің қызметіне жауап береді.

Ал Альцгеймер ауруы 65 жастан асқан адамдарда болады. Оның белгілері: ұмытшақтық, ойлау қабілетінен айырылу. Бұл ауруға қарсы дәрі әлі шыққан жоқ, алайда алдын алуға болады. Ол үшін дұрыс тамақтанып, үнемі физикалық және рухани жаттығулар жасап, кофе ішіп тұру керек. Паркинсон ауруы да сондай.

6.Кофе қанқұрттан қорғайды

Үндістандағы стоматологиялық институт ғалымдары өздері жүргізген зерттеудің нәтижесінде осындай қорытындыға келген. Олар күніне үш шыныаяқ қара кофе ішуге кеңес береді. Себебі сүт пен қаймақ оның пайдалы қасиеттерін жоғалтады екен.

Кофенің зияны

1. Ұйқысыздыққа шалдықтырады

Кофені көп ішкен жағдайда сергіту әсерімен бірге ұйқысыздыққа шалдықтырады. Себебі кофені ішкен соң ол 15 минуттан кейін ғана ағзаға әсер етіп, алты сағатқа дейін белсенді болады.

Егер ұйқыңыздың қанғанын қаласаңыз, түстен кейін немесе ұйықтар алдындағы 2-3 сағатта кофе ішпеңіз.

2. Кофе дәріге әсер етеді

Егер қандай да бір дәрі қабылдап жүрсеңіз, дәрігерден оны кофемен бірге ішуге болатын-болмайтыны туралы сұрап алыңыз. Себебі кофе дәрілік заттардың әсерін арттырып немесе керісінше әлсіретіп жіберуі мүмкін.

3. Ана болу мүмкіндігін азайтады

Ринодағы Невада университетінің ғалымдары кофе ішетін әйелдердің жатыр түтігінің белсенділігі төмен болатынын анықтаған. Аналық жасуша жатырға осы түтіктер арқылы барады.

4. Кофе тәттіқұмарлыққа әкеледі

Кофе печенье
©unsplash.com

Кофе ішкен адамдар жеміс шырынын, газдалған немесе өзге де тәтті сусындарды ішуге құмартып тұрады екен. Бұл шешімді австралиялық ғалымдар шығарған.

Олар тәжірибеге қатысушыларды екі топқа бөліп, бір топқа бірнеше күн бойы кофе ішкізген. Екіншісі ештеңе қабылдамаған. Нәтижесінде бірінші топтағылар күніне 419 мл, ал екіншілері 273 мл ғана тәтті сусындар ішкені анықталды.

5. Кофе түсік тастау қаупін арттырады

Огайо штатындағы Ұлттық денсаулық институтының профессорлары 500 жұпқа зерттеу жасады. Олар күніне екі шынаяқтан артық кофе ішкендерде түсік тастау қаупі жоғары болғанын анықтады. Сондай-ақ жүктіліктің алғашқы жеті аптасында кофе ішу де зиян дейді ғалымдар.

6. Қан қысымын көтереді

Италия ғалымдары 18 бен 45 жас аралығындағы 1200 адамға зерттеу жасай келе, көп кофе ішетін адамдарда қан қысымы 4 есе жоғарылайтынын дәлелдеді. Ал 2 шыныаяқ кофе ішетіндерде ол 3 есе жоғарылайды.

Қорытынды

Кофенің денсаулыққа пайдалы және зиянды жақтары да бар екенін естен шығармаңыз. Сондықтан ғалымдар күніне 300 мл ғана кофеин қабылдауға кеңес береді. Ол шамамен 3-4 шыныаяқ ұнтақталған кофе немесе 5 шыныаяқ ерігіш кофе. Сондай-ақ, егер сізде асқазанда, қуықта немесе қан қысымына байланысты аурулар болса, кофеден мүлдем бас тартқаныңыз дұрыс.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!