Орал мен Мингечевир бауырлас қалалар деп жарияланды

Меморандумның мақсаты Қазақстан мен Әзірбайжан халықтары арасындағы достық байланысты нығайту, шаруашылық қызмет субъектілері арасындағы тікелей байланыстарды орнату мен нығайту, экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени, сауда-саттық салаларын дамыту болып табылады.

Қос тарап Орал қаласы мен Мингечевир қаласын бауырлас қалалар деп жариялады. Сонымен қатар экономикалық, мәдени-спорттық, білім беру және ортақ игілік үшін өзге де салаларда бауырластық байланыстар мен ынтымақтастықты сақтап, микро, шағын және орта бизнесті қоса алғанда, екі қаланың іскер топтары арасындағы өзара тиімді қатынастарды нығайтуға және дамытуға жәрдем көрсететін болады.

Шаһарбасылар екі қаланың оқушылары мен басқа да тұрғындарының әртүрлі салаларда сапар алмасуын қолдау, өнеркәсіптік жобаларды іске асыру ісі, оның ішінде энергетикалық, қайта өңдеу, тоқыма, химия, тамақ салаларында және басқа да жеңіл және ауыр өнеркәсіпте өзара тиімді шарттар жасау, бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері бойынша келісімге келді.

Ақпарат үшін айта кетсек, Мингечевир өзінің халқының саны, экономикалық, ғылым, білім, мәдениет, өндіріс пен өнеркәсіп салаларындағы әлеуеті жөнінен Әзірбайжандағы төртінші қала болып саналады. Өткен жылғы санақ бойынша мұнда 106 мың адам тұрып жатыр. Шаһарда Мингечевир политехникалық институты, Әзірбайжан мұғалімдер институтының Мингечевир филиалы, Мингечевир мемлекеттік университеті, медициналық колледж, туризм колледжі, 19 орта білім беретін оқу орындары, техникалық-гуманитарлық лицей, жаратылыстану, математика және гуманитарлық ғылымдар лицейі, түрік лицейі, 3 саз мектебі, автомектеп жұмыс істейді.