«Нью-Йоркке біз поезбен келдік. Бұдан соң да бірнеше қалалар арасында Америка Құрама Штаттарының әр жолдағы поездары мен әр алуан вагондарына мініп жүрген кездеріміз болды. Сондықтан жалпы поезбен жүретін жүрістер туралы кейінірек қорыта сөйлерміз. Әзір біз Нью-Йорк қаласында сегізінші авенюдегі үлкен гостиницаның бірі – Барбизон Плаза отельге кеп түстік.
Нью-Йорк көпшіліктің естуіндей дүниежүзінің бар қаласынан бар үлгісі бөлек қала. Бұл көлемі тарлау тас арал Манхеттенгі орналасқан, көп заманнан бері қала өсіп, халық көбейіп, аралдың жері таршылық ететін себепті бірінің үстіне бірі салынатын көп қабат тас үйлер мезгілден-мезгіл өткен сайын биіктей берген.
Нью-Йорк бар Америкадан іздейтін адамдардың әралуан ерсілі-қарсылы жайлардың, ерекшелік болмыстардың бар қайшылықпен қиын-қияс және оқшау, өзгеше қызық, тамаша жайлардың да тоғысқан ордасы. Сондықтан да біз Нью-Йоркте өзге қалалардың барлығынан көбірек болдық. Америка жаңалығы дейтін жайлардың бірталайымен осында молырақ таныстық деуге болады.
Нью-Йоркте дәл саны есімде болмаса да, сегіз миллион халық бар дегелі көп болды. Ал мұның айналасына топталған әлденеше қала және бар. Осылардың тобын алғанда 14 миллион халқы бар деп саналады екен. Американың тегінде мәдениетті үлкен қаласының көбінің айналасында әлденеше топ-топ кіші қалалар қоршап тұтасып кетеді екен. Мысалы, кейін біз барған Массачузед штатының үлкен қаласы Бостонда сегіз жүз мың тұрғын бар. Ал, айналасындағы қырық қаланы қосып санағанда екі жарым миллионнан артық тұрғын жұрты бар боп шығады.
Ал, әлемдегі ең үлкен қала саналатын Нью-Йорктің көше пландауы өте ұқыпты бір есеппен тұрған, келген адамға оңай ұғылып аңғарылатын қалыпта жасалған. Мысалы, терістіктен оңтүстікке қарай қаланың ұзақ бойында он екі ғана авеню бар да, көлденең шығыстан батысқа қарай жүз елу алты стрит аталатын көшелер бар. Барлығы нөмірмен аталатын болғандықтан, есте қалу да оңай және қаланы білмеген адамның адаспай жүруі де өте оңай. Соған қарап Маяковский Нью-Йорктің планына сүйсіне тамашалағандықтан: Тулада адасу оңай болса да, Нью-Йорк көшелерінен адасу мүмкін емес, – деген.
Қаланың ортасында аса үлкен парк бар. Содан басқа, өзге көрікті үлкен қалалардай, Американың өзінің де өзге қалаларындай емес, Нью-Йорктің көшелерінде көк жоқ. Жалпы Нью-Йорк жайлы ойлағанда озғын адамзат цивилизациясы жиырмасыншы ғасырдың орта кезінде осылайша қалыптап келген анық мәдениеті зор, анық зәулім алып қала осы дейсің.
[…] Жүз екі этажды Импайэр Стейт Билдингті алғашқы салдырған иесі бір жылдың ішінде жиырма алты миллион долларға түсірген екен. Қазіргі екінші иесі елу миллион долларға сатып алыпты. Біз осының басына шыққанда сексен бес этажға бір жарым минутта көтерілдік. Қалған он бес этажына да сондайлық шапшаңдықпен көтереді. Зәулім биік мұнарасынан бар айнала атырапты толық көрсетеді екен, Ең жоғарғы екі этажда Нью-Йорктағы телевизиялық он компания өздерінің теле биіктерін орнатыпты.
Түнгі Нью-Йорк әсіресе, толып жатқан мол бояулы ете жарық сансыз көп машиналарға толық қайнаған қызу тіршілік белгісін білдіреді. Жүз бояу десе болғандай реклама, вывеска, жаңалық хабарлар, кинолар мен театрлардың, ресторандардың үлкен жарықтары, магазиндердің әр бояулы жарықпен бұлаңдап шақырып тұрған витриналары, көп қабатты үйлердің терезелерден төгілген жарықтары, көшелерде жүрген машиналардың фарлары, әртүрлі сигналдар – бәр-бәрі қосылғанда, мың бояудың той-тоғысы дерсің.
[…] Нью-Йоркті кеште де көп кездік. Енді өзге ақын біреу менен бұрын айтты ма, жоқ па онысын білмеймін. Ал өзім: Бұл қала XX ғасырдың Манхэттен аспанына таспен жазған поэмасы деймін. Сол поэманың әрбір жолындай боп небоскребтер созылады. Америка өлеңінің жолындай (ол ұзынды-қысқалы, ұйқассыз, ақ өлеңше көбірек ұшырайды ғой). Ол үйлер бірінен-бірі биік. Әр жол болғанда, Эмпайер-Стайт Билдинг (102 этажды ең зор үй) жаңағы поэманың ең ұзын жолы тәрізденеді.
Бұндай зор әлем – жалпы адамзат тарихының техникалы, ғылымды, өнерлі іздену-жеңістерінің болғын ескерткіші, мәңгіге қалатын тозбас тастан соғылған аспанға жазылған, іргесі тасқа қазылған жартас поэма дер едім.
Әрине, біреулерге Нью-Йорк қатты ұнаса, көп жандарға тіпті Америка өз халқының талайына қатты ұнамайтын ең даулы қала. Мен өзіме еткен әсерін айттым.
Есіме дүниелік үлкеннен, ұлыдан, адамзат қуанарлық ұлыдан ұлылар түседі. Адамда Ленин, ғылымда ракеталарымыз, сөз өнерінде «Манас», алып қол өнерінде Нью-Йорк деуге болады».
Тағы оқыңыз: «Аса зор ұлы мемлекет» — Әуезов. «Америка әсерлері»
Нью-Йорктен Калифорнияға дейін. Әуезовтің Америкадағы сапарының бағыты