«Биылғы жылы февраль ортасынан марттың ортасына дейін мен Америка сапарында болып қайттым. Айға жуық аралаған Америкадай мемлекет жөнінде көрген мен білгенді, аңдаған мен алған әсерді, жалпы басқа келген кейбір ауық-ауық ойларды да өзіміздің оқушыға өзімше айтып беруді міндет санаймын.

Тек осы жайға кірісуден бұрын үш түрлі жайдан өзіміздің ардақты оқушылар алдынан өтініп алу мақұл деп білдім. Мен өзім жазатын сөздерімде өзіміздің оқушының білгендеріне, сезіп-танып жүргендеріне аз да болса қосымша боларлық жөн-жосықтар баяндай түспекпін. Америкаға барып-көріп білген оқушы сол өз көргеніне менің көрген-сезгендерімді қоса түссін. Америка жайын оқып білген кей достар оқыған мен танығанына менің де тоқып танығанымды жалғай түссін, Американы ғылымдық жолмен зерттеп біліп жүрген кейбір мемлекеттік, қоғамдық, шаруашылық жайларды, өнер, мәдениет күйлерін ғылым жолымен зерттеп біліп жүрсе, біздің кейбір көзбен көрген, құлақпен естіген күйлерімізді, көріністерімізді өз деректеріне тіркей түссін. Міне, Америка әсерлерін жазудағы ең бірінші еске салар, оқушыдан өтініп өтер жайымның бірі осы.

Екінші жай: менің бұл жазатыным тек көргеннен, көзбен көргеннен алған тікелей әсерлер ғана. Ең әуелі мен саяхатшы емеспін. Жазатыным саяхатнама да емес. Ол аса жауапты талаптар қоятын жайлар болар еді. Себебі саяхатшы (путешественник) деп аталатын қауым бір өлке, не бір мемлекет, не бір халық ішіне ұзақ заманға барып, жан-жақты барлық болмыс жайларды сан-саладан көп ғылымдар құралымен, баппен ізерлеп танып шығушылар болар еді. Олар жазатын еңбек те саяхатнама болғанда оқушының білімін байытатын көп сала ғылымдардан, көп тың жаңа табыстар тауып, жалпы мәдениет тарихын кеңейте, байыта түсетін еңбек болар еді. Саяхат деп сондай жүрісті, саяхатнама деп сондай жүрістен туған еңбекті айтса керек еді. Ал менің жазарым ол емес деп оқушыдан өтінетін үшінші тағы бір себебім бар: ол – Америка Құрама Штаттарының өз ерекшелігінен туатын жай.

Мұхтар Әуезов «Аризона Рипаблик» газетінің 1960 жылғы 8 наурыздағы нөмірінің алғашқы бетінде.

Ең әуелі бұл аса зор ұлы мемлекет. Оның мәдениеті кем қойғанда, тек бергі америкалық дәуірін санағанда екі жүз жылдан астам тарихы бар мәдениет. Ондағы тарихтық, мемлекеттік, қоғамдық аса шебер техникалық өндірісті мәдениет, ғылым, көркемөнер бәр-бәрінің ұзақ өскелең алуан-алуан ерекшеліктері, қайшылықтары, даму-өрлеу заңдары қым-қуыт қиын дүниелер. Американың қалалары мен көп штат өлкелерінің бүгінгі құрылыс барыс-қалыптарының өзін алғанда да аз аралаған жолаушыға оңай таныла қоймайтын қат-қабаттар, қатпар-қатпар бар.

Сол себепті жиыны бір ай ғана жүріп, біраз ғана көріп еткен күрделі, көбеген дүниені білгір кісі болып сөйлемек те емеспін. Бұл жөнінде қысқа айтатын зерттеуші ғалым боп та, Америка тіршілігінің белгілі саласының маманы боп та жазбаймын. Қолдан келгенше соның бәрінің орнына көзбен көргенді, құлақпен естігенді, тікелей сезіп, төтелей ойлаған ойларды (көргеннен, естігеннен туған, төтелей туған ойларды) жай жанды, жұпыны ғана әңгіме етіп бермекпін.

Бұл әңгімелерден оқушы нақтылы дерекпен мен сезгендей сезім, әсер аларлық дәрежеде жаза алсам, әзірге мақсат та сол дер ем. Енді осымен, кұрметті оқушы, қадамымызды Америка жағасына қарай басайық».