Оралда «Парасатты отбасы» бейнероликтер байқауы мәреге жетті

Байқау мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде ұйымдастырылды.

Конкурсты өткізуге «Алаш жастар Одағы» қоғамдық қоры, БҚО Коррупцияға қарсы күрес қызметі, Орал қалалық ішкі саясат бөлімі, «Аманат» партиясы мұрындық болды. Байқауға оннан аса отбасы қатысып, сыбайлас жемқорықпен күрес жөнінде өздері түсірген бейнероликтерін жолдаған. Солардың ішінен үш үздік анықталып, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Олар Имашевтар, Досқалиевтер және Жұматаевтар отбасылары. Жеңіске жеткен роликтер алдағы уақытта әлеуметтік желілерге орналастырылатын болады.

Байқаудың қазылар алқасының төрайымы, қалалық мәслихат депутаты Айгүл Туркинаның айтуынша, конкурс өткізудің басты идеясы – азаматтардың бойында жемқорлық көріністеріне төзбеушілікті қалыптастыру болды.

Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік – экономикалық даму, нарықтық экономиканы құру инвестициялар тарту процесін баяулататын және демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсер ететін, елдің даму болашағына айтарлықтай қауіп төндіретін құбылыс. Сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керектігінің маңызы зор. Халық өздерінің құқықтарын, өздеріне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керектігінің нақты жолдарын толық білулері қажет. Бұл көпшіліктің  белсене ат салысатын ісі. Сондықтан көпшілік бірлессе, сыбайлас жемқорлыққа мықты тосқауыл қойылатыны сөзсіз. Сыбайлас жемқорлықпен күресте тек құқықтық органдар ғана емес,  азаматтық және қоғамдық ұйымдар маңызды басымдық беріп, белсенділік танытулары қажет. Сол себепті әр мемлекеттік салада сыбайлас жемқорлыққа қарсы нәтижелі күрес жүргізу, әр азаматтың  құқылық мүддесін және оларды алдын ала жемқорлық  іс-әрекеттерден қорғау, ескерту және жол бермеу, мемлекеттің жемқорлыққа қарсы саясатын насихаттау мен халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған болу керек, — деді А.Туркина.