Рим Папасы Қазақстанға сапары кезінде қандай іс-шараларға қатысады?

Сапардың бірінші күні Рим Папасының Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен, сонымен қатар елімізде тіркелген шетелдік дипломатиялық корпус және азаматтық қоғам өкілдерімен кездесулері жоспарланған.

Рим-католик шіркеуінің басшысы сапарының екінші күнінде әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезінің ашылуына және пленарлық отырысына, сонымен бірге кейбір басқа дін лидерлерімен бірқатар кездесулерге қатысады деп күтіліп отыр.

Сонымен қатар 14 қыркүйекте Рим Папасы Франциск мыңдаған католик дінін ұстанушылар, оның ішінде Қазақстан астанасына арнайы келетіндері үшін дұға (месса) өткізеді.

Сапардың соңғы күнінде ол әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезінің жабылуына және оның қорытынды декларациясының қабылдануына қатысуды, сондай-ақ Рим-католик шіркеуінің Қазақстандағы және көрші елдерден келетін дін қызметкерлерімен, монахтарымен және семинаристерімен кездесуді жоспарлап отыр.

Бұған дейін хабарланғанындай, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен 13-15 қыркүйекте Рим Папасы Франциск Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді.

Рим Папасы Франциск – Қазақстан астанасында дәстүрлі түрде үш жыл сайын өтетін әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезіне қатысуын растаған Рим-католик шіркеуінің бірінші басшысы.