Министр: 6 университетті жабу мәселесі сотта қаралып жатыр

Академиялық дербестікті кеңейтумен қатар, жауапкершілігі төмен университеттерді жауып, сапаны қамтамасыз ете алмайтын ЖОО-ларды қайта бейіндеу бойынша күрделі жұмыстар жүргіздік. Нәтижесінде 15 ЖОО жабылды. Бұдан бөлек, қосымша 6 оқу орнын жабуға қатысты шешімімізге шағым беріліп, ол сотта қаралып жатыр. Оның жалпы саны 21-ге жетіп отыр. Жабылған университеттердің 100 мыңнан астам студентін оқуын жалғастыру үшін басқа ЖОО-ларға ауыстырдық. 66 университеттің әлсіз білім беру бағдарламалары бойынша 505 лицензияны кері қайтарып алдық, — деп жазды министр Facebook парақшасында.

Министр оқытудың әлсіз бағыттары бойынша лицензияны қайтарып алу үшін тағы 4 ЖОО-мен сот процесі жүріп жатқанын атап өтеді.

Педагогикалық бағыттар бойынша жоғары оқу орындарының саны (85-тен 50-ге дейін) қысқарды. Енді оқытудың тиісті сапасын қамтамасыз ететіндер ғана болашақ мұғалімдерді дайындай алады. Заңгерлерді даярлайтын университеттердің саны 72-ден 61-ге дейін қысқарды, — деді Асхат Аймағамбетов.