Дінислам Әбубәкір — Jusan Singularity бағдарламасы бойынша білім алғандардың бірі. Ол курста ІТ бойынша дағдыларды меңгеріп қана қоймай, нетуоркингті дамытқанын айтты. Енді тобында болған қатысушылармен жоба жасағысы келеді.
Керек уақытта, керек жерден табылған сияқты. Өзіме ғана емес, бәріне керек білімді алдым. Ұйымдастырушылар мен қатысушылар отбасым сияқты болып кетті. Мұнымен біздің қарым-қатынасымыз тоқтамайды, бір команда болып, жоба жасаймыз деген үмітім бар дейді, — дейді Дінислам.
Курсты Laravel (PHP) бағыты бойынша аяқтаған Берік Есен де Jusan Singularity жобасында Senior деңгейдегі мамандардан сабақ алған.
Жыл басында Jusan банктің жобасы Нұр-Сұлтанда басталғанын естідім. Алматыда болса, қатысар едім деп ойладым. Көктемде біздің қалаға да жетті. Қатысқаныма, курсты соңына дейін жеткізгеніме қуаныштымын, — дейді ол.
Курсқа қатысуға ниет білдіргендер көп болған. 3 200 адам өтініш тастапты, оның ішінен курсқа 100 адам іріктеліп алынған.
Jusan Singularity Алматы мектебінің кураторы Әйгерім Әбденбаеваның айтуынша, іріктеудің алғашқы кезеңінде үміткерлер базалық білім бойынша тест тапсырған. Оны курстың оқытушылары дайындаған.
80 ұпайдан жоғары жинаған 120 қатысушы бір ай сынақ режимінен өткен. Соңында 100 адам іріктеліп, курсқа қабылданыпты. Олар тегін оқумен қоса, шәкіртақы алған және Jusan тобындағы компаниялардың біріне жұмысқа орналасуға мүмкіндік берілген.
Курсқа ІТ саласы бойынша базалық білімі бар, кемінде junior деңгейін меңгерген азаматтар қабылданды. Жобаның мақсаты – олардың білімі мен дағдысын дамытып, бірнеше деңгейге жоғарылату. Қатысушылардың нәтижесі мен мамандардың пікіріне қарасақ, мақсатымыз орындалған сияқты, — дейді жоба кураторы Әйгерім Әбденбаева.
Jas Ventures директоры Бауыржан Мұратовтың айтуынша, қазір түрлі курс бар, бірақ олардың көбі оқытқан маманды бірден жұмысқа алуға кепілдік бермейді. Ал бұл жобаның алған білімді бірден тәжірибеде қолданып көруге болады.
350 академиялық сағатқа арналған курс төрт айға созылған. Jusan банктің төрт өкілі бағдарлама силлабусын нарықтағы сұранысқа сай дайындапты. JAVA, iOS, Android, Reactos, Laravel (PHP) бағыты бойынша курсты әр топта 20 оқушы бітіріп шықты.
Jusan банк басқарма төрағасының орынбасары Мирас Шайхысламов курсты аяқтаған қатысушыларға 25 жасқа дейінгі мамандардың Қазақстандағы үздік үшінші мобайл қолданба жасап шыққанын мысалға келтіріп, мотивация берді.
Қазір Jusan банк мобайл қолданбасын 1 миллионнан астам қолданушы жүктеп алған. Ал Jusan Business мобайл қолданбасының тұтынушылары 100 мыңға жеткен.
Алғашында ыңғайлы мобайл қолданба жасау туралы идеяға ешкім сене қоймады. Отандық нарықта өте ыңғайлы, қолданушысы көп балама түрі бар еді. «Ойға алған нәрсені істемей өкінгеннен, істеп көріп өкінген жақсы» деген ұранмен іске кірістік. Нәтижесінде Қазақстан нарығындағы үшінші үздік банк қолданбасы пайда болды, — дейді ол.
Ұйымдастырушылар сол сияқты курс қатысушылары ІТ және цифрландыру саласына жаңа серпін әкелетініне сеніп отыр.