Алматы облысының Кеген ауданында көпбалалы жанұялар баспаналы болды

Алматы облысына қарасты Кеген ауданының орталығында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған 15 үйдің кілті кезекте тұрған отбасыларға салтанатты түрде табысталды.

Тұрғын үйлер негізінен әлеуметтік жағынан қолдауды қажет ететін отбасыларға, көпбалалы жанұяларға, сондай-ақ Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне теңестірілген Рысалды Малдыбековаға берілді.

Осы күні аудандағы құқық саласының бір-бір қызметкері де үйлі болды. Қуанышқа аудан әкімі Талғат Байеділов қатысып, мереке күні баспаналы болған отбасыларды қоныстарымен құттықтады. Мұндай игі іс алдағы уақытта да жалғасатынын айтты. Аудан орталығында тағы 36 тұрғын үй салынбақ. Сонымен қатар шара барысында 15 үйді салған «СЕМ ШОҒЫ» құрылыс сервис» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Серік Жазықбаев сөз алып, аудан әкіміне естелік кілтті тапсырды.

Біз тек кәсіпкерлікпен айналысып жатқан жоқпыз. Осындай мерекелік шараларда баспанаға мұқтаж жандарға пәтер кілтін табыстағанда өзіміздің де жүрегімізді қуаныш кернейді. Өйткені Қазақстан халқының бірнешеуін болса да баспанамен қамтып, жанұяларына қуаныш сыйлау біздің де келесі нысанның құрылысын салғанда жігер сыйлайды. Аудан әкімі Талғат Байеділов мырза бастаған аудан әкімшілігіне бізге деген сеніміне рахмет. Бүгінгі мерекелеріңіз құтты болсын. Бүгінгі алған шаңырақтарыңызда қуаныш көп болсын , — деді Серік Жазықбаев .

Ал қуанышқа кенелгендердің бірі Тимур Айтжанов осындай қолдау мен қамқорлық үшін мемлекет басшысына, облыс, аудан әкіміне жүрекжарды алғысын жеткізді.