ҰБТ-дан 139 балл алған екі талапкердің нәтижесі жойылды

Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

Қазақстан бойынша 3 талапкер ең жоғары 139 балл жинады. Бірақ екі талапкердің осы 139 балға академиялық адалдықты сақтамай, ереже бұзу арқылы жеткені анықталып, ҰБТ нәтижелері жойылды. Қазіргі таңда үшінші талапкердің нәтижелері де тексеріліп жатыр, — деді Руслан Емелбаев.

Талапкерлердің оқуға түсу мүмкіндігі туралы да мәлімет берді.

ҰБТ толық аяқталғаннан кейін постпрокторинг жүргізіліп, тестілеу нәтижелері тексеріледі. Былтыр 52 талапкердің ҰБТ нәтижесі жойылған болатын. Оның ішінде 38-і мемлекеттік грант иегері еді. Талапкердің ҰБТ кезінде алған нәтижесі жойылған жағдайда қаңтарда немесе наурыз айында тапсырған тест қорытындысының негізінде ақылы оқуына болады, — деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры.