Тоқаев «Астана» халықаралық қаржы орталығын басқару жөніндегі кеңес отырысын өткізді

Жиын барысында «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) 2021 жылы атқарған жұмыстары қорытындыланды және оны әрі қарай дамыту жөніндегі ұсыныстар қарастырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық жағдай құбылып тұрған кезде инвестициялық тұрақтылық пен болжамдылықты қамтамасыз етуге қабілетті сенімді қаржы көздерін іздеу өзекті болатынын айтты. «Астана» халықаралық қаржы орталығы Қазақстан мен бүкіл Орталық Азия аймағы үшін осындай міндетті атқаратын мекемелердің бірі саналады.

Қазақстан нарықтық, еркін әрі бәсекелі экономиканы қарқынды ілгерілетуге бағытталған дамудың жаңа кезеңіне қадам басып отыр. Мұндай жағдайда шетелдік инвесторлар мен сауда серіктестерінің сенімін сақтап қалу және нығайту біздің басты басымдығымыз болып қала береді. Осыған байланысты АХҚО-ның әлеуеті инвестициялардың сенімділігі мен қауіпсіздігінің кепілі ретінде барынша пайдаланылуға тиіс, – деді президент.

Мемлекет басшысы ұлттық компанияларды IPO-ға шығару жұмыстарын келесі маңызды міндет ретінде атады. «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы мен оның ұлттық компанияларының рөлін мысалға келтірді.

Еліміздің қарапайым азаматтары ұлттық компаниялардың акцияларын иеленуге және салымдарынан өз дивиденттерін алуға мүмкіндігі болуға тиіс. Дәл осындай жолмен халықтың инвестициялық мәдениеті қалыптасады. IPO-ға қатысу Қазақстанның барлық тұрғыны үшін қолжетімді болуы қажет. Ол үшін қағазбастылық пен бюрократияны болдырмайтын жаңа цифрлық шешімдер керек, – деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев ұзақ мерзімді шетелдік инвесторларды теңге түріндегі тәуелсіз облигацияларға тартудың өзектілігін атап өтті.

Елімізге жаңа әрі сенімді инвестиция көздері қажет. Ол үшін халықаралық депозитарийлермен өзара тығыз ықпалдастық орнату керек. Мұндай жағдайда реттеушілік режим мен халықаралық құқыққа негізделген АХҚО алаңы тартымды болады. Үкіметке Ұлттық банкпен және АХҚО-мен бірлесе отырып, ұзақ мерзімді институционалдық инвесторлары бар әлемдік инфрақұрылымға қосылу мәселесін пысықтауды тапсырамын. Бұл экономикамыздың орнықты өсімі үшін маңызды қадам болмақ, – деді президент.

Мемлекет басшысы орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу және «жасыл» жобаларды жүзеге асыру мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, былтыр орнықты қаржыландыру нарығының көлемі 500 есе ұлғайып, 250 миллион доллардан асты. Оның ішінде жасыл облигациялар мен несиелердің 58% АХҚО Жасыл қаржы орталығы нақтылады.

Бұл экономиканы көміртегінен арылту және көміртегін аз пайдалану технологияларын дамыту жөніндегі жаһандық міндеттерді еліміздің сәтті шешуге қабілетті екенін дәлелдеуіне ықпал етеді. Үкіметті, «Астана» халықаралық қаржы орталығын және Кеңес мүшелерін осы бағыттағы жұмыстың қарқынын бәсеңдетпей, жалғастыра беруге шақырамын, – деді президент.