Басты бетҚоғамЖетісу облысында...

Жетісу облысында көпбалалы аналарға арналған алғашқы тігін цехы ашылды

Кәсіпорынның ашылу салтанатына Текелі қаласының әкімі Батыр Молдахметов, кәсіпкерлер палатасының Текелі қалалық филиалының директоры Тұрысбек Жұмаділов және Жетісу облысының іскер әйелдер кеңесінің мүшелері қатысты.

Цехтың негізін қалаушы «Алтын ине» ЖШС директоры, көп балалы ана – Қымбат Касейін. 2022 жылдың наурыз айында Қымбат Алматы облысының Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығына жүгініп, оған бизнесті ілгерілету жөнінде кеңес және көмек көрсетті. Енді кәсіпкер Орталық пен іскер әйелдер кеңесімен серіктестікте алғашқы тігін цехын ашты.

Қазір цехта 10 тәжірибелі тігінші әйел жұмыс істейді, олардың көпшілігі көпбалалы аналар. Тағы бес әйел үйден жұмыс істейді. Алғашқы тапсырыстарымыз да бар. Кәсіпорындар үшін арнайы киім, ұлттық бұйымдар мен басқа да тоқыма өнімдерін әзірлеймін. Сондай–ақ ателье форматында жұмыс істеп, ересектер мен балаларға арналған киім тігуді жоспарлап отырмыз, — деді Қымбат.

Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының тәлімгері Светлана Оңғарбаеваның айтуынша, осындай тігін цехтары Ақсу және Көксу аудандарында ашылып, жұмысқа көпбалалы аналар, мүгедектігі бар әйелдер және жас қыздар шақырылатын болады. Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы және оқу орталықтары арқылы тігін ісіне оқыту жүргізу мен білікті кадрлар даярлау жоспарлануда.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың қараша айынан бастап ҚР барлық өңірлерінде «Ынтымақтастық Қоры» аясында Ұлттық экономика министрлігі, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия және «Атамекен» ҰКП әріптестігі аясында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтарының ашылуы басталды. Бастаманы Азия Даму Банкі және Қазақстандағы БҰҰ Даму Бағдарламасы қаржыландырады және оны «Атамекен» ҚР ҰКП жүзеге асырады. Орталықтардың қызметі «Атамекен» іскер әйелдер кеңесінің (2015 жылдан бастап жұмыс істеп келеді) қағидаттарына, олардың ең бастысы – бизнесті жүргізу мен дамытуда әйелдерді өзара қолдауға негізделген.