Тоқаев Қазақстанды айыптай сөйлеген ресейліктер туралы айтты

«Бұл мүлдем қисынды болмауы мүмкін, бірақ соған қарамастан, осы трибунаны пайдаланып, бірқатар Ресей депутатының Қазақстанға қатысты мәлімдемелеріне кінәрат-талабымды айтқым келеді. Олардың арасында журналистер, тіпті мәдениет қайраткерлері де бар.

Мен Владимир Владимировичке дән ризамын. Ол бүгін Кремльдің басқа мемлекеттерге, әсіресе, менің еліме қатысты ұстанымын толық түсіндірді. (…)

Бұл мәлімдемелерді түсіне алмадым. Қазақстан басшылығының шешімдеріне қатысты немесе біздің елімізде болып жатқан оқиғаларға қандай да бір пікір айтатын осы қайраткерлер кімнің отына май құйып жатыр екен?», — деді Қазақстан президенті.

Еске салайық, ресейлік журналист Тигран Кеосаян биылғы сәуірдегі бағдарламаларының бірінде қазақстандықтар Украинадағы жағдайдан сабақ алуға тиіс екенін айтып, қоқан-лоқы жасады. Оның сол кездегі сөзінше, Ресейдегі жауапты тұлғалар Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынасты қайта қарауға тиіс. Журналистің бұл сөзі қызу талқыланды.

Кейін Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Тигран Кеосаянның Қазақстанға кіруіне тыйым салынуы мүмкін екенін айтты.

Ал наурыздың соңында Мәскеу думасының депутаты Сергей Савостьянов Қазақстанды да Украина үлгісі бойынша «денацификациялауға» және «демилитаризациялауға» үндеді.