Премьер-министр: Жаңа өнімді жинап алғанша жететін астық қоры бар

Оның айтуынша, үкімет науқандық жұмыстарды қаржылай, материалдық және техникалық тұрғыда қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шешімдерді қабылдады.

Бұрын қалыптасқан тасымал бағыттарының бұзылуы және әлемдік азық-түлік нарығында бағаның өсуі тұқым мен агрохимия өнімдерінің, қосалқы бөлшектер мен ауыл шаруашылығы жабдықтарының құнын қымбаттатып жіберді, — деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы осындай күрделі кезеңде фермерлерді қолдау үшін бюджеттік кредиттің жалпы сомасы 140 миллиард теңгеге көтерілгенін айтты.

Бұған қоса, ауыл шаруашылығы өнімін форвардтық сатып алу арқылы қаржыландыруды екі есе, яғни, 80 миллиард теңгеге дейін ұлғайттық. Жалпы агроөнеркәсіп саласына бюджетті нақтылау кезінде қосымша 298 миллиард теңге қаржы бөлінді. Дизель отынының қажетті көлемі нарықтық бағадан 10-15%-ке төмен бағамен жеткізілді. Отандық өндірушілермен келісімге келіп, минералдық тыңайтқыштардың бағасы төмендетілді, — деді Әлихан Смайылов үкімет отырысында.

Оның мәліметінше, биыл жаңа өнімді жинап алғанша, елімізде жеткілікті астық қоры бар.

Біріккен ұлттар ұйымының наурыздағы бюллетеніне сәйкес, Қазақстанда биыл астықтың түсімі орташа жылдық көрсеткіштен жоғары болуы керек. Орта есеппен 18-19 миллион тонна астық жиналса, ішкі қажеттілік шамамен 8 миллион тоннаны құрайды. Тіпті қолайсыз ауа-райы мен жиналатын өнімнің болжамы нашар болған күннің өзінде Қазақстан өзінің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете алады, — деді премьер-министр.