Рәміздер күніне орай ШҚО студенттері «Саналы ұрпақ» қатарына салтанатты түрде қабылданды

Кездесу барысында студенттерге мемлекеттік рәміздердің маңыздылығы туралы айтылды, сонымен қатар колледждердің үздік студенттері «Саналы ұрпақ» студенттік клубының қатарына салтанатты түрде қабылданды.

Баршаңызды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтаймын! Бұл – еліміз үшін айрықша маңызды мейрам. Көк байрақ, Елтаңба мен Әнұран әрбір қазақстандықтың жүрегіне мақтаныш ұялатып, отаншылдық рухын асқақтатады. Тәуелсіздіктің қасиетті нышандары биік болып, бірлігіміз арта берсін! Әрбір азамат өз елінің патриоты ретінде мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарауға тиіс. Жастар ортасында патриотизмді тәрбиелеу мемлекеттің басым міндеттерінің бірі болып табылады, — деді ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің превенция басқармасының басшысы Архат Бейсембаев.

Қазақстан жастары – біздің басты байлығымыз. Еліміздің жарқын болашағы жастарға тікелей байланысты.

Осыған байланысты, сыбайлас жемқорлықтан азат Қазақстанда өмір сүруге бағытталған патриот және бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеу мақсатында ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен 2018 жылдан бастап «Саналы ұрпақ», «Адал ұрпақ», «Парасаттылық мектебі», «Адалдық сағаты» жобалары іске асырылуда. Олардың барлығы оқушылардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыруға бағытталған, өйткені сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда тиісті мәдениетті қалыптастыру маңызды рөл атқарады.

ШҚО білім басқармасының бас маманы Гүлмира Ильясова «Саналы ұрпақ» жобасының мақсаты мен міндеттері туралы айтып берді.

Сонымен қатар колледждердің үздік студенттері «Саналы ұрпақ» студенттік клубының қатарына салтанатты түрде қабылданып, оларға клубтың төсбелгілері табыс етілді.

Іс-шара соңында ағайынды Абдуллиндер атындағы өнер колледжінің студенттері патриоттық әндер орындады.