Балабақшалардың 80% мемлекеттік аттестациядан өтпеді

Орнатылған бейнекамералардың арқасында қоғам балалардың құқықтары бұзылатынын көріп отыр. Бұл балабақшаларға қойылатын талаптарды күшейту қажеттілігі туралы ұстанымымыздың өзектілігін растайды, — деп жазды министр әлеуметтік желіде.

Министр он жылдан астам уақыт бұрын балабақша санын тезірек көбейту үшін олардың қызметін лицензиялаудан бас тарту туралы шешім қабылданғанын еске салды. Ал кейінірек мемлекеттік бақылау да, мониторинг те және олардың қызметін реттеу де алынып тасталған. Нәтижесінде жекеменшік балабақшалар саны күрт артып, 3 жастан 6 жасқа дейінгі бүлдіршіндер бірден 99%-ке дейін қамтылды. Алайда балабақшалардың сапасы төмендеп кетті.

Балабақшалардың жартысы техникалық және санитарлық талаптарға сай келмейтін ғимараттарда, білікті мамандарсыз және қауіпті жағдайларда ашылған. Мұндай фактілер жеткілікті, — деді ведомство басшысы.

Министрлік екі жыл бұрын лицензиялау мен мемлекеттік бақылауды қайтаруға әрекет жасаған. Алайда сол кезде кәсіпкерлер палатасының, балабақшалар қауымдастығы мен бірқатар мемлекеттік органның ұстанымы бұл норманы заңға енгізуге мүмкіндік бермеді. Бірақ бұл бағыттағы жұмыс тоқтаған жоқ. Өткен жылдың соңында мемлекеттік аттестаттау жүйесі енгізілді. Аймағамбетовтің айтуынша, аттестация нәтижесі көңілден шықпаған. Тексерістен өткен балабақшалардың 80%-і мемлекеттік аттестациядан өте алмады.

Әңгіме балабақшадағы бүлдіршіндерге қолайлы жағдай жасалмауы, оқу-тәрбие жұмыстарының мемлекеттік білім беру стандартына, қауіпсіздік техникасы, өрт және санитарлық нормалардың талаптарға сәйкес келмеуі, тәрбиешілердің қол көтеруі және басқа да келеңсіз фактілер туралы болып отыр, — деді министр.

Қазіргі таңда білім министрлігі бес негізгі бағыт бойынша жұмыс істеп жатыр:

  • Лицензиялауды қайтару. Бұл мәселе бойынша депутаттардың, қоғам мен мемлекеттік органдардың қолдауына үміт артамыз.
  • Жұмыс жағдайы мен сапасын тексеріп, барлық балабақшаны аттестациялаудан өткізу.
  • Балабақшаларға мемлекеттік тапсырыстарды орналастыруға қойылатын талаптарды күшейту.
  • Мектепке дейінгі мекеме қызметкерлерінің кадрлық әлеуетін арттыру. Колледждер мен ЖОО-ларда мамандар даярлау сапасын арттыру.
  • Мектепке дейінгі білім берудің жаңа моделі бойынша бағдарламалардың мазмұнын жаңарту.

Аймағамбетовтің айтуынша, соңғы жылдары балабақша тәрбиешісі мамандығына оқуға түсуге конкурс күрт төмендеп кеткен. Бұл ең алдымен, жалақыға байланысты.

Тәрбиешілердің жалақысы жыл сайын 25%-ке өскенімен, базалық жалақының аздығынан ол әлі де болса жеткіліксіз. Қазір біз бірнеше балабақшада пилоттық жоба бастадық. Бұл жоба бойынша екі тәрбиеші жарты күн емес, күні бойы жұмыс істеп, екі есе жалақы алады. Кейін пилоттық жоба нәтижесі бойынша шешім қабылданады, — деді министр.

Ол жекеменшік балабақша ашатын кәсіпкерлерді қолдау маңызды екенін атап өтті.

Бірақ біздің жұмысымыздағы басты бағыт – балалардың қауіпсіздігі және оларға қолайлы әрі сапалы жағдай жасау. Мұндай ережелер ата-аналар үшін маңызды және адал кәсіпкерлер үшін пайдалы деп есептеймін, — деп түйіндеді Аймағамбетов.