Алматыда 30 мамырда жаңа екі метро бекеті іске қосылады

Екі жаңа станция іске қосылғаннан кейін метро желісінің жалпы ұзындығы 3,1 шақырымға ұзарып, енді 13,4 шақырымды құрайтын болады. Желі бойына 7-10 минут сайын жүретін төртвагонды 15 электр пойызын жіберу жоспарланған. Қазіргі таңда метро күніне 45 мыңға жуық жолаушы тасымалдайды. Жаңа станциялар іске қосылғаннан кейін бұл көрсеткіш күніне 85 мың жолаушыға дейін өседі деп күтіледі,- делінген хабарламада.

«Мәскеуден» кейінгі «Сарыарқа» станциясы Абай даңғылы бойында Алтынсарин даңғылы мен Саин көшелерінің аралығында Family Park маңында орналасқан. Терең салынған, екі кіреберісі мен бір вестибюлі бар.

«Бауыржан Момышұлы» станциясы Абай даңғылы бойында Момышұлы көшесінің батысында орналасқан. Таяз орналасқан, екі вестибюль мен алты кіреберісі бар. Станцияда алты жеделсаты мен он бес эсколатор орнатылған. Платформа ұзындығы 108 метр. Алматы метро желісінің он бірінші станциясы әзірге соңғы станция болып саналады,- делінген хабарламада.