Конституцияның 26-бабы бойынша дауды референдумға шығару ұсынылды

«Жер кодексі — заңды күші бар акт. Аталған құжатта «жер шетелдік азаматтарға жекеменшікке сатылмайды» деп нақты жазылған. Демек, осы санаттағы адамдар үшін шектеулер бар. Оған қоса, жерге қатысты халықтың ұстанымы бір, жер — елдің, халықтың меншігі. Сондықтан, бұл орайда шетелдіктерге жер сату мәселесін қозғаудың қажеті жоқ», — дейді ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі сарапшылар кеңесі жетекшісінің орынбасары Марат Башимов.

Ал заңгер Семен Симоненко бұл пікірмен келіспейді. Себебі, ертең кез келген шетелдік азамат Конституциялық кеңеске шағым түсіріп, Жер кодексінің кейбір баптарын негізгі заңға қайшы екенін дәлелдей алады. Өйткені, Ата заңымыздан жоғары заң жоқ.

Сондай-ақ Республикалық нотариаттық палатаның төрайымы Әсел Жаңабілова Президент өкілеттіктерін бөлуді және жекеменшікке қатысты өзгерістерді екі бөлек қарастыруды ұсынды.

«Әлеуметтік желілерде ғалымдар аталған екі мәселені бөлек қарастыруды ұсынып отыр. Негізі, жекеменшікке қатысты өзгерісті референдумға шығаруға да болады. Қазақстан халқы өз шешімін шығарсын», — дейді Әсел Жаңабілова.

Айта кетейік, Ата заңымыздың 26-бабындағы «Қазақстан Республикасының азаматтары заңды түрде алған қандай да болсын мүлкін жеке меншігінде ұстай алады» деген сөйлемде «азаматтары» деген сөзді «кез келген адаммен» алмастыру ұсынылып отыр. Осыған байланысты қазақстандықтар арасында шетел азаматтары аталған норманы пайдаланып, жерді жекеменшікке сатып алады деген алаңдаушылық бар.

ДереккөзInform.kz