Әлемнің үздік университеттері рейтингіне Қазақстаннан бір ғана ЖОО кірді

Center for World University Rankings (CWUR) құрастыратын әлем университеттерінің академиялық рейтингі — жоғары оқу орындарының арасында жүргізілетін айтулы рейтингтердің бірі саналады.

Биыл әлемдегі 20 мыңға жуық жоғары оқу орны бағалаудан өтіп, оның ішінде үздік 2 мың университет іріктеп алынған.

Үздіктер тізіміне елімізден тек Назарбаев университеті (әлемнің 19,8 мың ЖОО-лары арасындағы ТОП-2 000 ішінде 1 765 орында тұр) ғана кіріп отыр. Мұның үстіне Назарбаев университеті — тек Қазақстаннан ғана емес, сонымен бірге Орта Азия елдерінен аталған рейтингке кірген жалғыз жоғары оқу орны.

ТМД елдерінің ішінде бұл рейтинге Ресейдің 42, Украинаның 6, Беларусьтің 2 университеті, ал түркі мемлекеттерінің ішінде Түркияның бірден 56 жоғары оқу орны кірген.

Әлемнің үздік 5 университеті қатарында АҚШ-тың Гарвард университеті, Массачусетс технология университеті, Стэнфорд университеті, Британияның Кембридж бен Оксфорд университеттері бар.