Тоқаев Назарбаев университетіндегі қонақтар кітабына қолтаңбасын қалдырды

Мемлекет басшысы жоғары оқу орнының білім беру, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен және университетті одан әрі дамыту стратегиясымен танысты.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа кампусты, ғылыми орталықтар мен зертханаларды дамыту жоспары көрсетілді. Сонымен қатар Қазақстан президентіне ғылым, денсаулық сақтау, цифрландыру, ауыл шаруашылығы, экология және спорт салаларындағы әртүрлі білім беру жобалары мен бағдарламалары таныстырылды. Университет осы жобалар мен бағдарламалар арқылы мемлекет басшысының бастамаларын жүзеге асыруға өз үлесін қосып келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа университеттің шетелдік жетекші ғылыми, білім беру орталықтарымен ынтымақтастығы, медицина және инновациялық кластерлердің жұмыстары, сонымен бірге оқу орны түлектерінің стартап-жобалары жөнінде мәлімет берілді.

Мемлекет басшысы ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтының жобаларымен және энергетикалық ғарыш зертханасының қызметімен танысты.

Оқу орнын аралап көрген Қасым-Жомарт Тоқаев студенттермен әңгімелесіп, университеттің құрметті қонақтар кітабына қолтаңбасын қалдырды.