Референдум: мәжіліс депутаттары күн сайын 250 іс-шара өткізген

Мәжіліс депутаттары алдағы референдумның және Конституцияға енгізілетін өзгерістердің маңыздылығын түсіндіру үшін өңірлерге сапармен барды. Депутаттар күн сайын 250-ге дейін іс-шара өткізген.

Ақорданың хабарына қарағанда, Ерлан Қошанов Қасым-Жомарт Тоқаевқа палатаның заң шығару қызметі туралы баяндады. Атап айтқанда, сессия басталғалы бері 64 заң жобасы мақұлданған және 51-і қаралып жатыр. Олардың ішінде мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру аясында әзірленген заң жобалары да бар.

Президентке үкімет пен есеп комитетінің былтырғы республикалық бюджеттің жұмсалуы жөніндегі есебін қоғамдық тыңдауға, сонымен бірге су ресурстары туралы парламенттік тыңдаулар өткізуге дайындық жұмыстарының барысы туралы баяндалды.

Мәжіліс төрағасы президентке парламенттік дипломатия аясындағы жұмыстарды күшейту жөнінде мәлімет берді. Атап айтқанда, мамыр айында Жамбыл облысы Қордай ауылындағы шекара заставасында Қазақстан мен Қырғызстан парламенттерінің халықаралық істер және қорғаныс жөніндегі салалық комитеттерінің бірлескен көшпелі отырысы өткізілді. Онда Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты, көлік-логистикалық және кедендік рәсімдерді жақсарту мәселелері қарастырылды.

Маусым айында депутаттар Армениядағы ҰҚШҰ парламенттік ассамблеясының кеңесі мен Қырғызстандағы түркітілдес елдердің парламенттік ассамблеясы кеңесінің отырыстарына қатысады деп жоспарланып отыр. Бұл жиындарда заң шығару қызметі мен сайлауды бақылау жөніндегі ынтымақтастықты нығайтудың перспективалары талқыланбақ.