Басты бетҚоғамҚазақстанда Абай,...

Қазақстанда Абай, Жетісу және Ұлытау облыстары құрылды

«Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

Мыналар:

«1) Шығыс Қазақстан облысының құрамынан Ақсуат, Абай, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Үржар, Көкпекті аудандарын, Семей және Курчатов қалаларын бөлу жолымен әкімшілік орталығы Семей қаласында орналасатын Абай облысы;

2) Алматы облысының құрамынан Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Панфилов, Сарқан аудандарын, Талдықорған және Текелі қалаларын бөлу жолымен әкімшілік орталығы Талдықорған қаласында орналасатын Жетісу облысы;

3) Қарағанды облысының құрамынан Жаңаарқа, Ұлытау аудандарын, Жезқазған, Қаражал және Сәтбаев қалаларын бөлу жолымен әкімшілік орталығы Жезқазған қаласында орналасатын Ұлытау облысы құрылсын», — делінген Ақорданың сайтында жарияланған жарлықта. 

Жарлық 2022 жылғы 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

Еске салайық, 2022 жылғы 16 наурызда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған жолдауында Ұлытау, Абай облыстарын құруды, Алматы облысын екіге бөлуді, оның біреуін Жетісу деп атауды ұсынды.

Ұлытау облысының орталығы Жезқазған, Абай облысының орталығы Семей, Жетісу облысының орталығы Талдықорған болады.