Қазақстан мен Ресейдің ішкі істер министрліктері арнайы операция өткізді

Синтетикалық есірткілерді пошта жөнелтілімдері арқылы жеткізу арнасының жолын кесу бойынша екі елдің аумағында арнайы операция жүргізілді, – делінген хабарламада.

Қазақстан ішкі істер министрлігі есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының міндетін атқарушы Асқар Мұхаметқалиевтің айтуынша, Омбы және Таразда бір мезгілде жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде полицейлер Ресей Федерациясындағы синтетикалық есірткілердің негізгі жөнелтушісін және Қазақстанда оны қабылдап алушыны ұстады.

Фигуранттардың тұрғылықты жерін тінту барысында ірі есірткі зертханалары анықталды. Ұсталған Омбы тұрғыны «синтетиканы» дайындап, пошта жөнелтілімдері арқылы Орталық Азия елдеріне, оның ішінде Қазақстанға жіберіп отырған.

Ол жасанды құжаттарды пайдаланып, сәлемдемелерді түрлі тауарлар – машина майы, тұрмыстық химия және т.б. түрінде жасырып отырған.

Полицейлер жалпы сомасы 9,5 миллион доллардан асатын 260 кг қолдануға дайын есірткіні тәркіледі.

2021 жылдың қазан айы мен осы жылдың сәуір айы аралығында жүргізілген арнайы операция нәтижесінде полиция қызметкерлері Алматы, Алтай, Ақтөбе, Атырау, Тараз және Қызылорда қалаларында синтетикалық есірткі өндірумен және таратумен айналысқан Қазақстанның 13 азаматын ұстады.