Рудныйда колледж асханасының үш қызметкерінен стафилококк анықталды

Зерттеу нәтижелері бойынша асхананың 3 қызметкерінен патогенді стафилококк анықталды. Дайын өнімнің барлық сынамасы микробиологиялық көрсеткіштерге сәйкес келмеді. Ауруханаға жатқызылған студенттердің талдауларынан да патогенді стафилококк анықталды. Инфекцияны тасымалдаушы асхана қызметкерлері болуы мүмкін, — деді Ержан Байтанаев.

Тексеріс барысында санитария ережелері сақталмағаны анықталды: тамақ өнімдерін сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттарсыз пайдалану, тағамды сақтау шарттары мен дайындау технологиясының бұзылуы. Мамандар профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізді.

Ауруханаға жатқызылған 14 студент ауруханадан шығарылды.

Еске салайық, Рудныйдағы колледж студенттері түскі астан кейін асханада өздерін жайсыз сезінген еді. Жергілікті асханада түскі ас ішкен 70-тен аса студент жүрегі айнып, құсқысы келгеніне шағымданып қаланың медицина мекемелеріне жүгінген болатын.