Коммуналдық қызмет квитанциясы: біз не үшін төлейміз?

ПИК квитанциялары

Бұл квитанцияларда эксплуатация, жертөледегі, подъездегі, шатырдағы және ыстық су, суық су, канализация құбырларындағы, жылу жүйесіндегі, электр сымдарындағы жөндеу жұмыстарына жасалатын төлем мөлшері жазылады. Оларды «Тұрғын үйді күтуге арналған шығындар» деп те атауға болады.

Үйлерге техникалық қызмет көрсету 1996 жылдан бастап қолға алынған. Кейбір квитанцияларда ол тек «Тұрғын үйді күтуге арналған шығындар» деп жазылса, кейбірінде «Ыстық су мен суық су, канализация жұмыстары үшін», «Аула тазалығы», «Жарық», «Байланыс қызметі», «Газ құрылғысының қызметі», «Лифт» деп бөлек жазылып, әрқайсының ақысы көрсетіледі. Бұл қызметтерге ақы төлемеу — заң бұзушылық. Тіпті, қолыңызда ПИК-пен немесе осы қызметтерді көрсететін компаниямен арадағы келісімшарт болмаса да, төлеуге міндеттісіз.

Бұл төлемдерді уақытылы төлеп тұру арқылы сіз барлық коммуналдық қызметтерге, сондай-ақ кейбір техникалық қызметтерге қол жеткізе аласыз. Айта кетейік, пәтер ішінде жасалатын жөндеу жұмыстарының ақысы бұл квитанцияға кірмейді, яғни пәтер иесінің қалтасынан бөлек төленеді.

Күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жиналатын қор

«Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 31-бабына сәйкес, пәтер иелері осы қорға ай сайын ақша аударып тұруы керек. Аударым сомасы 1АЕК-тің 0,02 бөлігінен аз емес Яғни, қазіргі АЕК мөлшері 2 269 теңге болғандықтан, аударым 45.38 теңге шамасында болуы тиіс. Оны ПИК жиналысында бекітеді.

күрделі жөндеу квитанциясы
Сурет ©krisha.kz

Айта кетейік, күрделі жөндеу жұмыстары үшін артық ақша талап етуге ешкімнің құқы жоқ. Дегенмен,  пәтер иелері күрделі жөндеу жұмыстарының бағасын әр шаршы метрге 5-10 теңгеге дейін түсіре алады немесе жөндеу жұмыстарынан мүлде бас тартуға болады. Ол үшін тұрғындар жалпы жиналыс өткізіп, хаттама толтыруы керек. Оның біреуін ПИК-ке өткізеді. Егер кооперативтің 75 пайызы тұрғындарды қолдаса, талаптар орындалады.

Алайда, Алматы қаласындағы тұрғын үйлердің 74 пайызы 2003 жылға дейін салынғанын ескеру керек. Егер жөндеуден бас тартқан соң қандай да бір мәселе туындаса, оны тұрғындар өз ақшаларына жасатуы керек болады.

ПИК квитанциясында тұрғындарға ескертілместен ешқандай жаңа төлем қосылмайды. тіпті, тариф құнының өсуі де алдымен тұрғындарға хабарланады.

Мысалы, кейбір квитанцияларда әлі күнге дейін «Радионүкте ақысы» деген бөлім бар. Егер сіз оны қолданбасаңыз, төлеуден бас тарта аласыз. Ол үшін Әйтеке би 91 мекенжайына барып, арыз жазу керек. Квитанцияны өзіңізбен ала барыңыз. Қызмет ақысыз.

Коммуналдық қызмет квитанциясы

Бұл квитанция әдетте электр жарығы, ыстық су/суық су, канализация, жылу, газ, қоқыс шығару, домофон, бейнебақылау қызметтерінің ақысынан тұрады.

коммуналдық қызмет квитанциясы
Сурет ©krisha.kz

Олардың көбі арнайы есептегіш құрылғының көрсетуіне байланысты есептеледі. Кейбір қызметкерлер осы көрсеткіштің үстінен ақша көруі мүмкін. Егер сіз қанадй да бір артық сома төлеп жүргендей күдіктенсеңіз, квитанцияның артқы жағындағы телефон нөмірлеріне хабарласып, анық-қанығын біле аласыз.

Судың ақысын төлеу кезінде оның сомасында өзгерістер болуы мүмкін. Оған себеп — есептеуішті тексеру уақыты өтіп кетуі. Әдетте ол квитанцияда ескертіледі. Бұндай жағдайда газ, су, қоқыс шығару ақылары пәтерде тіркелген адамдар санына байланысты төленеді. Ол қалалық тариф бойынша есептеледі.

Алматыда ақпараттарды өңдеу мен квитанцияларды басып шығарумен «ИВЦ» ЖШС, «Алсеко» ЖШС және ПИК айналысады. Ал, «АлматыЭнергоСбыт», «АРЦ Алматыгаз», «Алматы Жылу жүйесі»,«Бастау», «Тартып» компанияларының байланыс нөмірлері мына жерде көрсетілген.

Пәтер иесінің қалауы бойынша жасалатын төлемдер

Пәтер иелері кейбір қызмет түрлерін өздері таңдай алады. Оған «Подъезд тазалығы», «Домофон», «Бейнебақылау» жатады. Егер пәтер иесіне бұл қызметтің сапасы ұнамаса, қызмет көрсетуші компанияны ауыстыра алады. Немесе мүлдем керек емес болса, бас тартуға болады.

Міндетті төлемдерден басқа ерікті төлемдер де бар. Оған анықтамалық қызмет, заң консультациясы, құтқару қызметі кіреді. Ол туралы квитанцияда қосымша ақпараттар бар.

Төлем мөлшері

Әдетте квитанция әр айдың 15-і күні келеді. Бүгінгі таңда тарифтер төмендегідей:

  • Үйді күтуге арналған шығындар — 1 шаршы метр үшін 25 теңге;
  • Лифт — 1 шаршы метр үшін 13,62 теңге;
  • Лифтке электр қуатын беру — бір шаршы метрге 3,90 теңге;
  • Газ құрылғысына техникалық қызмет — бір плитаға 80 теңге;
  • Электр энергиясы — тұтыну мөлшеріне байланысты: бірінші деңгей — сағатына 1 кВт үшін 16,65 теңге, екінші деңгей — сағатына 1 кВт үшін 21,99 теңге, үшінші деңгей — сағатына 1 кВт үшін 27,48 теңге.
  • Жылу — жылу есептегіш құрылғының көрсеткішіне сай немесе арнайы бекітілген  кесте бойынша;
  • Ыстық су — есептегіш құрылғы болса әр 1 метр куб су үшін 444,39 теңге, есептегіш болмаса, әр адам басына 1 526,41 теңге;
  • Суық су — есептегіш құрылғы болса бір метр куб суға  55,56 теңге, адам баына 466,73 теңге;
  • Канализация — 1 куб метр үшін 28,80 теңге;
  • Газ — адам басына 297,29 теңге;
  • Радионүкте — 195 теңге;
  • Қоқыс шығару — адам баысна 341,39 теңге.

Төлемдер әр айдың 25-30-на дейін жасалуы керек. Одан кешіктірілсе, әр күн үшін өсім жүреді.

Әр күннің өсімі Ұлттық банк бекіткен қайта қаржыландыру мөлшерлемесінің 1,5 еселенген сомасын құрайды.

Ал, төлем екі айға кешіктірілген жағдайда, қызметтер «қиылады». Бірақ ол туралы 30 күн бұрын ескерту қағаз келуі тиіс.

Қызметтер қалай «қиылады»?

«Бастау» компаниясы (суық су мен канализация) қызмет ақысын төлемесеңіз, канализацияны бітеп кетеді. Тегін. Қарыздан құтылған соң, әр аптаның жұма күні сайын ашып отырдаы.

«Алматы жылу жүйесі» ыстық суды өшіру үшін пломба қояды немесе құбырды кесіп тастайды. Қарызды төлесеңіз, сол күні немесе ертеңінде қосады. Ал қыстың күндері ыстық су мен жылуды ажыратпайды.

«АРЦ Алматыгаз» да газды тегін «қияды». Қайта қостыру — 3 мың теңге. Ол қарыз төленген соң, бес жұмыс күнінде қосылады. Алайда, ол да қыста өшірілмейді.

«Алматыэнергосбыт» электр энергиясын «қиып» тастаса, оны қайта қостыру пәтерлерде 2 400 теңге, жеке үйлерде 3400 теңге тұрады.

Егер пәтер иесі бір жылдан артық уақыт бойы ешқанадй төлем жасамай, қарызға бата беретін болса, қызмет көрсетуші компаниялар оны сотқа беріп, қаржысына немесе мүліктеріне арест жасай алады.

ДереккөзKrisha.kz