Қазақстанның ҰҚШҰ жанындағы тұрақты өкілі ауысты

Тиісті жарлыққа мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.

Мемлекет басшысының жарлығымен Марат Зеникенұлы Сыздықов ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі болып тағайындалды. Ол Қазақстанның сыртқы істер министрінің орынбасары лауазымынан босатылды, — делінген жарлықта.

Бұған дейін ҰҚШҰ жанындағы тұрақты кеңестегі Қазақстанның өкілетті өкілі болған Жәнібек Иманалиев лауазымынан босатылды.

Марат Сыздықов 1966 жылы Ақмола облысында дүниеге келген. 1991 жылы С.Сейфуллин атындағы Целиноград мемлекеттік педагогикалық институтын, 2006 жылы Ресей СІМ дипломатиялық академиясын бітірген.

Еңбек өтілі:

1991-1992 – Целиноградтағы №7 орта мектебінің тарих мұғалімі;

1992-1998 – С.Сейфуллин атындағы Целиноград мемлекеттік педагогикалық институтының жаңа және қазіргі заман тарихы кафедрасының оқытушысы;

1998-1999 – президент әкімшілігінің талдау және стратегиялық зерттеулер орталығының сарапшысы;

1999-2002 – президент әкімшілігінің қауіпсіздік кеңесінің сарапшысы, талдау орталығының сектор меңгерушісі;

2002-2010 – Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің екінші хатшысы, бірінші хатшысы, кеңесшісі;

2010-2014 – президент әкімшілігінің сыртқы саясат орталығы меңгерушісінің орынбасары;

2014-2019 – ҚР Ресейдегі елшілігінің кеңесші-уәкілі;

2019 жылғы 26 наурыздан бастап Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары болды.