Павлодардағы өрттен кейін білім министрлігі барлық мектептерді тексереді

Мұның бірінші жағдай еместігін айту керек. Сондықтан біз барлық оқыту ұйымдарына толық тексеру жүргізуді тапсырдық. Себебі өртке қарсы шаралар сақталуы тиіс. Мектеп пайдалануға берілгенде, жөндеуден кейін және жаңа оқу жылы басталар алдында міндетті түрде актілер болуы керек. Оның ішінде өртке қарсы қызметтерден де болуы қажет. Сондықтан, менің ойымша, мұндай анықтамалар мен актілер болды, енді өрттің неден туындағанын білу үшін тергеу жүргізілетін болады. Менде бар ақпаратқа сәйкес, күйік алғандар мен зардап шеккендер жоқ. Тек бір мұғалім осы жағдайға байланысты психологиялық проблемаға ұшырады. Оған көмек көрсетіліп жатыр, — деді Асхат Аймағамбетов сенатта тілшілерге берген сұхбатында.

Сонымен бірге, білім министрі оқушылардың сабақты қалай жалғастыратынын айтып берді.

Қазір ғимараттың өзіне толық тексеру жүргізіледі. Тиісті қызметтер өрттің себебін анықтайды. Егер әрі қарай оқуға еш қауіп болмаса, балалар оқуын жалғастыра алады. Әзірге олар уақытша қашықтан оқи алады. Ал ғимараттың жарамсыз екені анықталса, әкімдік бұл балалардың оқуын басқа ұйымдарда жалғастыру шараларын қарастырады, — деді Асхат Аймағамбетов.

Еске сала кетсек, бүгін таңертең Павлодардағы №28 мектептің 200 шаршы метр аумағы өртеніп кетті. Мектептен 576 адам, оның ішінде 551 бала эвакуацияланды.