Гүлмира Сатыбалды Универсиада объектілерін жөндеуге бөлінген ақшаны ұрлады деген күдікке ілінді

Алматы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі «Алматы энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі лауазымды тұлғалары мен «Ария-Жаңа Астана» ЖШС компания басшылығына қатысты, оның ішінде Гүлмира Сатыбалдыға қатысты 2019 жылы «Алматыдағы 2017 жылғы Универсиада» нысандары үшін құрылыс-монтаж жұмыстарын нақты орындалмаған міндеттер үшін төленген аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр, — делінген хабарламада.

Агенттік осыған ұқсас аса ірі көлемдегі бюджет қаражатын жымқыру фактілері бойынша мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалары мен «Ария-Жаңа Астана» ЖШС басшылығының қатысуымен басқа өңірлерде сотқа дейінгі тергеп-тексерулер жүргізіліп жатқанын да хабарлады.

Еске салайық, 17 наурызда Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыұлының бұрынғы жұбайы Гүлмира Сатыбалды ұсталды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сол кезде оның үстінен «бизнесті рейдерлік жолмен тартып алу» күдігі бойынша тергеу басталғанын хабарлаған еді. Гүлмира Сатыбалды 16 наурызда ұсталып, Нұр-Сұлтан уақытша ұстау изоляторына қамалған. Агенттік кейін оның үстінен 747 миллион теңге бюджет ақшасын жымқыру дерегі бойынша соталды тергеу жүргізіп жатқанын нақтылады.

Ал  Қайрат Сатыбалдыұлының өзі 13 наурызда ұсталды. 15 наурызда тергеу соты оны екі айға қамаған. Нұр-Сұлтан соты оны 2 айға қамауға алды. Қайрат Сатыбалды «Қазақтелеком» компаниясынан аса ірі көлемде ақша жымқырды деген күдікке ілінді.