Тоқаевты шет мемлекет басшылары Рамазан айының басталуымен құттықтады

Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев өзінің құттықтауында екі ел халқын байланыстыратын берік достық пен тату көршілік, стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастардың соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқанын атап өткен.

Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың жан-жақты кеңеюі көршілес екі халық пен мемлекеттің өркендеуіне ғана емес, сонымен қатар бүкіл аймағымыздағы бейбітшілікті, тыныштық пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал етеді, — делінген өзбек көшбасшысының жеделхатында.

Сауд Арабия Королі Салман бен Әбделазиз Әл Сауд және Корольдіктің тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Сауд Қасым-Жомарт Тоқаевты қасиетті Рамазан айымен құттықтап, оған зор денсаулық, бақыт тілеген, ал бауырлас Қазақстан халқының өсіп-өркендей беруіне ниеттестік білдірген.

Сонымен қатар, Қазақстан көшбасшысын БАӘ президенті Халифа бен Заид Әл Нахаян, БАӘ вице-президенті, премьер-министрі, Дубай әмірлігінің билеушісі Мұхаммед бен Рашид Әл Мактум, БАӘ қарулы күштерінің жоғарғы бас қолбасшысының орынбасары Мұхаммед бен Зайд Әл Нахаян, Иордания Королі II Абдалла,  Кувейттің Тақ мұрагері Мешаль әл-Ахмед әл-Джабер ас-Сабах, Марокко Королі VI Мұхаммед, Бахрейн Королі Хамад бен Иса Әл Халифа, Палестина президенті Махмуд Аббас құттықтады.