Олимпиада чемпионы медалінен айырылуына байланысты мәлімдеме жасады

23 наурызда спорттық арбитраждық соттың (CAS) шешімімен қазақстандық ауыр атлет Нижат Рахимов допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін алтын медалінен айырылып, сегіз жылға спорттан шеттетілді.

Достар, көктемгі Наурыз мейрамы күндері мені CAS допингке қарсы департаментінің 2016 жылы алған сынамаға қатысты шешімі еңсемді түсірді. Өткен жылдың тамыз айында өткен сот отырысында бұл жағдайға қатысым жоқ деген уәжімді арбитрдің қабылдамай тастағанына қатты өкініп отырмын,- деп жазды спортшы Instagram парақшасында.

Оның айтуынша, бұған қоса, арбитр тарапынан сынама алған және осы процеске жауапты адамдардың әрекетіне дұрыс баға берілмеген.

Сүттен ақ, судан таза еместігін уақыт дәлелдеп берген сол адамдарға, олардың басшыларына шара қолданылуы керек! Мұның бәрі көптеген сұрақ тудырады. Ол сұрақтар әзірге жауапсыз қалып отыр. Сондықтан мен бұл шешіммен мүлдем келіспеймін! Ең сорақысы, олимпиада ойындары кезінде тапсырған сынамама еш күмән болмаса да, менен, бүкіл Қазақстан халқынан басты марапат – Рио-де-Жанейрода өткен олимпиада ойындарының алтын медалін тартып алмақ. Сондықтан мен бұл шешімге қарсы шағым түсіремін,- деп жазды Нижат Рахимов.