ІТ саласына келуі
Мектеп оқушылары 11-класты бітірген соң қайда баратынын білмей жатады. Бірі жақындарының кеңесіне құлақ асса, енді бірі грант көп бөлінетін мамандықты таңдайды. ІТ саласы өзіме саналы таңдау болды. Кішкентайымнан ойыншық фотоаппаратпен ойнадым, кейін пленкалы камераға қызығып, фотоға түсіруді ұнататтым. 8-класта Photoshop, CorelDRAW бағдарламаларының курсына қатысып, фотостудиялар қызметіне кіретін шақыру билетін, виньетканы, альбомды жасауды үйрендім. Сол кезден бастап газеттер-журналдардың дизайнымен айналастым. Фото, дизайн, графика дизайнын меңгергенде мұның бәрі компьютермен тығыз байланысты екенін түсіндім. Сол себепті 11-класта тек осы бағытта шектеліп қалмай, қызығушылығымды кеңейтуді жөн санадым. Информатика, математика пәніндегі қабілетім мен дизайн саласына қызығушылығымды біріктіріп, Алматыдағы халықаралық ІТ университетіне оқуға түстім. Кейін Erasmus Mundus бағдарламасы бойынша магистратурада Еуропаның бірнеше елінде, атап айтқанда, Францияда, Финляндияда, Швецияда және Аустралияда білім алдым.
Швецияны ерекше ұнаттым, магистратураны бітіргеннен кейін сонда қалып, жұмыс істеуді жөн көрдім. Ондағы Netlight Consulting компаниясының ұсынысын қабылдадым. Бұл компанияның ұнаған тұсы — құндылықтары. Қызметкерлер мен клиенттерге деген қарым-қатынасы, жұмыс сапасы ұнады.
Пандемия кезінде Швецияның IT компанияларымен қызметімді онлайн форматқа ауыстырып, Қазақстанға келіп, жеке консалтинг компаниямды аштым.
ІТ саласының мүмкіндіктері
Негізі компьютермен байланысты нәрсенің бәрін ІТ деуге болады. Бір қызығы, көбі ІТ сөзін естігенде бірден түсініксіз код пен алгоритімді елестеді, бірақ бұл сала мамандары тек код жазумен айналыспайды. Саланың бағыты көп.
Қазір кез келген салаға ақпараттық технологиялар бағыты еніп кеткен. Сол себепті ІТ саласын таңдаған адамды болашақта тек программист ретінде елестету дұрыс емес. Бұл бағыттың ерекшелігі — маманның өз қалауына қарай кез келген салада қызмет ете алуы.
Мысалы, бір адам медицина саласында жұмыс істегісі келеді делік, бірақ қаннан қорқады. Мұндай адамдар медицинаға, қоғамға пайдалы программалар, қолданбалар, онлайн-сервистер ойлап табуына болады. Журналистер бұрынғыдай телевизияда эфир жүргізіп немесе газет-журналға мақала жазып қоймай, жаңа технология құралдары мен әлеуметтік желіні меңгеріп түрлі контент, SMM маманы қызметін ұсына алады, яғни ІТ маманы өзі қызығатын кез келген салаға үлес қоса алады.
Қазақстандағы ІТ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы жолдауында 2025 жылға дейін елде 100 мың ІТ маманын дайындап шығару мәселесін көтерді. Елде ІТ саласына ерекше назар аударылып жатыр. Енді білім грантының 60%-і осы салаға бөлінетін болды. Бұл, әрине, қоғамда резонанс тудыруы мүмкін. Бірі бұл шешімді қолдаса, енді бірі мүлдем түсінбеуі мүмкін. Меніңше, ІТ саласының болашағы өте зор. Қазақстанның бұл нарыққа тез арада араласуға тырысып жатқаны қуантады. Себебі бүгінде барлық салаға компьютер еніп кетті.
Робот техникасы, жасанды интеллект, криптовалюта, блокчейн сияқты терминдерді жиі естиміз. Оған қоса көзге көрінбейтін, бірақ біздің өмірімізге еніп жатқан технология көп. Мысалы, үйіңіздегі құрылғыларға қараңызшы, сағат, тоңазытқыш, шаңсорғыш — бәріне ақырындап «ми» енгізіліп жатыр, тіпті, мектеп оқушылары ІТ базасын әдеттегі дәріс ретінде меңгеретін уақытқа да жетіп қалдық. Бұл Қазақстанның да ІТ саласы, жаңа технология қарқынымен бетпе-бет келетінін көрсетеді. Сондықтан қазіргі қабылданып жатқан шараны дұрыс деп есептеймін.
Дүниежүзіндегі кейінгі жағдайлардың біздің елдегі IT саласының дамуына ықпалы зор. Бүгінге дейін халықаралық компанияның көбі Орталық Азия елдеріне өз қызметтерін Мәскеу, Киев арқылы ұсынатын. Украинадағы жағдай, Ресейге салынып жатқан санкцияларға байланысты бұл ірі компаниялар енді Орталық Азиямен байланысудың басқа амалдарын қарастыратыны анық, штаб-пәтерлері үшін саяси ахуалы тұрақты мемлекетті іздейді. Меніңше, Қазақстан — потенциалы жоғары кандидат елдің бірі. Себебі бір жағынан елімізде ІТ саласын дамытуға үлкен акцент жасалып жатыр. Оған қоса, Қазақстанның саяси позициясы тұрақты, халықаралық конфликтіге түспейді, басқа елдермен дипломатиялық байланысы өте жоғары. Мұны батыс елдері де, компаниялары да байқап отыр. Сондықтан дәл қазір ІТ-ді мейлінше тезірек дамытсақ, елдегі басқа салаларға да үлкен мүмкіндіктер ашылады.
Осы орайда ескеретін бір жағдай — біздің қоғамда шетелдік компаниялар жайлы шындыққа жанаса бермейтін стереотиптер бар. Халықаралық компанияларды елге кіргізуден қорқудың қажеті жоқ. Елімізге мұндай компаниялар келсе, жұмыс орны көбейеді, нарықта жоғары бәсеке пайда болады. Отандық компаниялар шетелдіктермен жарысып, сапасын, деңгейін өсіреді. Оның үстіне, елдегі жастардың потенциалын ІТ саласына бағыттасақ, жергілікті ғана емес, халықаралық деңгейде де көп жетістікке жетер едік.
ІТ саласына қатысты стереотиптер мен мифтер
Өз басым IT саласында оқығанда да, қызмет еткенде де гендерге, ұлтқа, дінге байланысты дискриминация көрген емеспін. Маған тек кәсіби маман ретінде қарайтын.
Қазақстандағы компанияларда жұмыс істеп көрмедім, сол себепті ондағы жағдай туралы пікір айта алмаймын, бірақ Қазақстанда ІТ саласын таңдайтын қыздар аз екенін байқаймын. Алайда мұны ІТ саласындағы дискриминация емес, қоғам қалыптастырған стереотиппен байланыстырамын. Өкінішке қарай, кейбір отбасында «ІТ-мен ер адам айналысуы керек» деген түсінік болуы мүмкін. Дегенмен бұл — қате пікір. Жалпы кез келген жұмысына адал, тиянақты, кәсіби, қабілеті бар маман жынысына немесе басқа ерекшелігіне қарамастан жетістікке жете алады. IT – білім мен еңбектің саласы. Мұнда «таныс-тамыр» деген түсінік жүрмейді. Сондықтан бұл салада қызмет етіп жүрген ұл да, қыз да, үлкен де, кіші де кәсіби маман ретінде құрметке лайық деп есептеймін.
Көбі ІТ маманы дегенде көзілдірік таққан, шашы өсіп кеткен, күнде бір жейдемен жүретін, үнемі компьютердің алдында жұмыс істеп, бургер мен газды сусын, күніне 10 шыны кофе ішіп отыратын адамды елестетеді. Оларды коммуникацияға жоқ, тұйық деп есептейді. Дегенмен IT саласында мен көріп жүрген картина мүлде басқаша. Әріптесімнің көбісі — ашық-жарқын, ізденімпаз, үнемі дамуды қалайтын, спортпен де, шығармашылықпен де айналысатын, қоғамда белсенді, көзі ашық, жан-жақты тұлғалар. Қай сала да, көп нәрсе адамның өзіне байланысты.
ІТ саласын таңдағысы келетіндерге кеңес
Біріншіден, өзіңіз қалаған мамандықты таңдаңыз. Грант немесе жақындарыңыздың кеңесі, жұрт пікірі үшін басқа салаға төрт жыл уақытыңызды жұмсамаңыз. Өзіңізге ұнаған мамандыққа грантқа түсе алмасаңыз, ақысын төлеп оқыңыз. Мүмкіндігіңіз болмаса, келесі жылы тағы да бағыңызды сынап көріңіз. Мектеп бітіре салысымен оқуға түсу міндетті қағида емес.
Екіншіден, кезінде екінің бірі қаржыгер немесе заңгер болғысы келсе, қазір ІТ саласын таңдау тенденцияға айналып келеді. Кей түлек тек табысына қызығып, бұл салаға келуі мүмкін. Оларға саналы түрде таңдауға кеңес беремін. Әрине, елімізде кәсіби ІТ-маманның көп болған жақсы. Дегенмен IT саласының болашағы зор, мүмкіндігі көп болғанымен, талабы да, жауапкершілігі де өте жоғары. Сондықтан бұл саланы таңдағанда қабілетіңізді ескеріп, қалауыңызды тыңдап келген дұрыс.
Үшіншіден, ІТ мамандығына оқуға түстіңіз делік. Оқудың алғашқы жылдары сабақ өте қиын болады. Осыған дайын болғаныңыз жөн. Бұл кездегі дәрістер мүлдем түсініксіз болуы ықтимал. Тіпті «Не себепті мына саланы таңдадым?» деп ойлауыңыз мүмкін. Бұл — қалыпты жағдай. 1-2 жыл сынақтардан сүрінбей өтсеңіз, кейін сабақты да, салаңызды да түсіне бастайсыз. Ал әрі қарай елде де, шетелде де алдыңыздан шексіз мүмкіндіктер ашылатынына сеніміңіз мол болсын.