Алматыда заңсыз салынып жатқан 12 қабатты үй сүріледі

Оның айтуынша, көп қабатты ғимаратты салу кезінде көптеген олқылық болған.

Алматы сотының қаулысымен қала құрылысын бақылау басқармасының талап арызы қанағаттандырылып, Шұғыла шағын ауданы Байтелі батыр көшесі, 24 мекенжайы бойынша заңсыз салынып жатқан 12 қабатты көппәтерлі үйді бұзу туралы сот шешімі қабылданды, — деді Мұхит Әзірбаев.

Ол «APT-TEХНОСС» ЖШС-мен дау былтыр маусымнан бері жалғасып келе жатқанын айтты.

құрылыс нысаны
Фото: Алматы әкімдігі

Бұған дейін азаматтардың өтініші негізінде қала құрылысын бақылау басқармасы тексеру жүргізді. Сәулет, қала құрылысы саласында бірқатар заңбұзушылық анықталып, соған сәйкес әкімшілік хаттамалар толтырылды. Одан кейін Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына «APT-TEХНОСС» ЖШС заңсыз салған нысанды бұзу туралы талап арыз берілді. 2021 жылдың 9 желтоқсанында сот шешімімен талап арыз қанағаттандырылмады. Басқарма Алматы сотына апелляциялық шағым түсіріп, енді талап арыз қанағаттандырылды, — деді қала әкімінің орынбасары.

Оның сөзінше, қалалық әкімдік қызметкерлері бірқатар заңсыз құрылыс нысаны бойынша істі сотқа жолдаған.

Айта кетейік, 2022 жылдың наурызында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан мен Алматы әкімдеріне қала тұрғындарының өтініштеріне құлақ асуды және тұрғын үй кешендерінің жанында көпқабатты үйлердің құрылысын тоқтатуды тапсырды.