Нұр-Сұлтандағы Abu Dhabi Plaza құрылысы қашан аяқталады?

Нұр-Сұлтан Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы Abu Dhabi Plaza нысанында қазір құрылыс-монтаждау жұмысы кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын хабарлайды. Орындалған жұмыстың жалпы көлемі – 97%-тен асады. 2021 жылдың соңына дейін сыртқы жұмыстарды (қасбет және конструкция) толығымен аяқтау жоспарланып отыр. Айта кету керек, ғимарат ішінде әрлеу жұмыстары ары қарай да жалғаса береді, – делінген Нұр-Сұлтан әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.

Еске салайық, Abu Dhabi Plaza – Орта Азиядағы мұнара типіндегі ең ірі кешен. Ол аумағы 500 мың шаршы метрден асатын бес ғимараттан құралған.

Нысан Ақмешіт, Сығанақ және Түркістан көшелерінің бойында орналасқан. Жер көлемі – 4,4613 гектар. Ішіндегі ең биік мұнараның ұзындығы – 311 метр, 75 қабаттан тұрады. Онда кеңселер мен тұрғын үй пәтерлері орналасады.