Amanat партиясынан Саясат Нұрбек орталық сайлау комиссиясының қаулысымен мәжіліс депутаты ретінде сайланып, ант берді. Сонымен қатар ол әлеуметтік мәдени дату комитетінің құрамына сайланды.
Саясат Нұрбек 1981 жылы 18 мамырда Семейде дүниеге келген. Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің заң факультетін бітірген. Сингапурда мемлекеттік қызмет колледжінде, АҚШ-тың Индиана штатында Нотр Дэйм университетінде оқыды, Римде La Sapienza университетінде халықаралық қауіпсіздік және геосаясат магистрі дәрежесін алды, Римдегі ICU институтында 2 жылдық тағылымдамадан өтті.
2000-2002 жылдары конгресмен Марк Смиттің сайлауалды науқанында жеке көмекшісі, Айова штаты үкіметінің ақпараттық технологиялар департаментінде инновациялық технологиялар қызметкері болды.
2002-2006 жылдары Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Мемлекет пен құқық теориясы және тарихы» кафедрасында оқытушы, Қазақстан жастар конгресінің атқарушы директоры және Астанадағы «Art-Motion» ЖШС-да промоушн және дизайн агенттігінің директоры;
2006-2008 жылдары — Туриндегі қысқы олимпиадалық ойындарда TOROS-та ұйымдастыру комитетінің аудармашысы, «Қазына» орнықты даму қоры» АҚ инвестициялық жобалар департаментінің менеджері, басқарма төрағасының кеңесшісі, ҚР президенті әкімшілігінің кадр жұмыстары және мемлекеттік бақылау бөлімінің кадр саясаты секторының меңгерушісі;
2008-2009 жылдары — ҚР президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының мемлекеттік және жергілікті басқару институтының менеджмент кафедрасының доценті, ғылым және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі вице-ректоры;
«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ кадр саясаты және персоналды басқару департаментінің атқарушы директоры;
2010-2013 жылдары Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті;
2013 жылдан бастап «Нұр Отан» қоғамдық саяси институтының директоры болды.