Дариға Назарбаеваның орнына Саясат Нұрбек мәжіліс депутаты болады

Бүгін Nur Otan партиясының саяси кеңесі бюросының қаулысымен 28 ақпанда саяси кеңестің отырысын өткізу туралы шешім қабылданды. Онда партияның кезектен тыс XXII съезінің күн тәртібі бекітіледі. Сонымен бірге саяси кеңес бюросының қаулысымен Nur Otan партиясынан парламент мәжілісі депутатының бос мандаты партиялық тізім бойынша Саясат Нұрбекке берілу туралы шешім қабылданды. Тиісті шешім ҚР орталық сайлау комиссиясына жіберілді, — деп жазды Асхат Оралов.

Саясат Нұрбек 1981 жылы 18 мамырда Семейде туған. BTS Education бас директоры болып жұмыс істейді. Nur Otan партиясы саяси кеңесінің мүшесі.

Еске салайық, бүгін, 25 ақпанда орталық сайлау комиссиясы мәжіліс депутаты Дариға Назарбаеваның өкілетін тоқтатты.