Санкция — құқық нормасының бір бөлігі. Шаруа, қаржы қызметін жүргізу ережелерін, келісім, шарт немесе басқа да міндеттемелерді бұзғандарға мәжбүрлеу жолымен ықпал ету шарасы.

Мысалы, құқық бұзған адамға айыппұл салу, қамауға алу, қызметін төмендету, жұмыстан босату шаралары санкция әдістері болып есептеледі. Дәл сол сияқты қандай да бір мемлекет заң бұзса, өзге елдер санкция енгізеді.

Қандай да бір мемлекет екінші мемлекетке санкция жариялағанда сол елдің және оның азаматтарының материал, экономика және қаржы бойынша құқығын шектейді.

Қай елдер Ресейге санкция салды?

Экспорт және импорт

АҚШ Ресейді ұшақ, кеме жасау және әскери-өнеркәсіптегі маңызды технология элементінен айырып, өз елінің тарихында сауда бағыты бойынша ең ауқымды санкция жариялап отырғанын мәлімдеді. Ақ үйдің хабарына қарағанда, АҚШ шектеулер арқылы бұл шара Ресейге компьютерлерден бастап мұнай өндіретін, аэроғарыш сияқты жоғары технологияларды импорттауды екі есе азайтады.

Германияның Daimler Truck концерні ресейлік КамАЗ компаниясымен жұмысын тоқтатты. КамАЗ-ға бөлшектер жеткізу тоқтатылғаны себепті енді бірлескен кәсіпорын жүк көлігін шығармайды.

Әуе жолдары

Еуроодақ, Канада және Ұлыбритания Ресейдің ұшақтарының өз аумағында ұшуына тыйым салды.

Біз, Еуроодақ әуе кеңістігін ресейлік ұшақтарға жауып жатырмыз. Біз Ресейге тиесілі, Ресейде тіркелген немесе Ресейдің бақылауындағы ұшақтың бәріне тыйым саламыз. Бұл ұшақтар Еуроодақ аумағында ұша да, қона да алмайды, — деді Еуропалық комиссияның басшысы Урсула фон дер Лейен 27 ақпанда Брюссельде өткен баспасөз мәслихатында.

Медиа және интернет

Facebook желісіне иелік ететін Meta компаниясы ресейлік мемлекеттік БАҚ-қа әлеуметтік желіде жарнама жариялауға және оны қандай да бір жолмен монетизациялауына тыйым салды. Роскомнадзор ресейлік қолданушылардың Facebook желісіне кіруіне ішінара шектеу қойғанын хабарлады. Google өз қызметтеріне қатысты осындай шешім қабылдаған.

Кейбір елдер ресейлік телеарналардың хабар таратуын шектей бастады. Польша бес арнаның хабар таратуына тыйым салды, Австралияда ресейлік бір телеарнаның эфирі тоқтады. Енді Еуроодақ ішіндегі елдерде Russia Today және Sputnik телеарналары көрсетілмейді. Латвияда электрон бұқаралық ақпарат құралдары жөніндегі ұлттық кеңес «Россия» телеарнасының эфирін бес жылға, «Россия 24» телеарнасының эфирін төрт жылға, TV Centr International арнасының эфирін үш жылға тыйды.

Биыл Ресей халықаралық Евровидение байқауына қатыспайды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шара Украина жағдайын ескеріп және конкурс беделіне нұқсан келмеуі үшін қабылданып отыр.

The Walt Disney Company компаниясы Ресейге фильмдерін жалға беруді тоқтатты.

Санкция Ресей
Иллюстрация: Politforums.net

Дипломатиялық қарым-қатынас

Владимир Зеленский Украина мен Ресей арасындағы дипломатиялық байланыстың үзілгенін хабарлады. Украинаның сыртқы істер министрі бұл шешімнің дұрыс екенін айтты.

Бұл шешім 2014 жылы қабылдануы керек еді деп ойлаймын. Өкінішке қарай, қабылданбады, — деді министр Дмитрий Кулеба.

Чехия алғаш болып Ресей азаматтарына виза беруден бас тартты. Сонымен бірге Карловы Вары, Брно қалаларындағы Ресейдің бас консулдықтарын, Санкт-Петербург пен Екатеринбургтегі дипломатиялық өкілдіктерін жапты. Прага Ресей мен Беларусьтегі елшілерін елге шақырып алды.

Латвия мен Литва да Чехияның шешімін қолдап, ресейліктерге виза бермеуді жөн көрді. Жаңа Зеландия мен Жапония саяхаттау рұқсаттарын таңдаулы түрде тоқтата тұру туралы хабарлады.

Португалия 27 ақпанда Ресей азаматтарына «алтын» (инвестициялық) виза беруді тоқтатқанын хабарлады.

28 ақпанда Еуроодақ пен Ресей арасындағы ресми делегация мүшелеріне, үкімет пен парламентке, соттарға, дипломатиялық паспорт иелеріне және бизнесмендерге қолданылатын жеңілдетілген виза режимі тоқтатылды.

Банктер

АҚШ ВТБ «Открытие», Совкомбанк, Промсвязбанк және Новикомбанк ресейлік банктеріне қатаң санкция жариялады. Олардың АҚШ долларындағы активтері мен шоттары бұғатталды. Енді осы бес карта арқылы Apple Pay және Google Pay-да төлем жасау мүмкін емес.

Сонымен бірге Украинадағы жағдай «Сбербанк» жұмысына да әсер етпей қоймады. АҚШ бұл банктің активтерін бұғаттамады, дегенмен 26 наурызға дейін қаржы институттарына корреспонденттік шоттарын жабуға мүмкіндік берді.

27 ақпанда Еуроодақ кейбір ресейлік банктің SWIFT банкаралық төлем жүйесінен ажыратылғанын мәлімдеді. Мұны АҚШ, Ұлыбритания және Канада келісіп шешкен. Одан кейін Жапония мен Оңтүстік Корея қосылды.

27 ақпанда Еуроодақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Борреллдің айтуынша, Ресей орталық банкінің қаржылық резервтерінің жартысына жуығы тоқтатылады, өйткені олар G7 елдерінің банктерінде.

Бұл шара Ресейдің қаржы жүйесіне қатты әсер етеді, — деді Жозеп Боррел.

Ал бүгін, 1 наурызда Mastercard Ресейдің бірқатар қаржы институтының төлем жүйесіне кіруіне тыйым салды.

Жеке тұлғаларға салынған санкциялар

АҚШ, Канада, Еуроодақ, Ұлыбритания, Жапония және Австралия елдері Ресей президенті Владимир Путинге, сыртқы істер министрі Сергей Лавровқа және қорғаныс министрі Сергей Шойгуға санкция салды. Шектеу шаралары олардың активтерін бұғаттап, АҚШ-қа кіруіне тыйым салады.

Дегенмен сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Мария Захарованың айтуынша, Ресей президенті мен сыртқы істер министрінің Ұлыбритания немесе басқа шет елде есепшоттары жоқ.

Сонымен қатар тізімде Ресейдің премьер-министрі Михаил Мишустин, қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев, ішкі істер министрі Владимир Колокольцев те бар.

Еуроодақтың жариялаған санкция тізімінде жоғары лауазымды тұлғалар және шенеуніктермен қоса, журналистер, мемлекеттік телеарнаның жүргізушілері, бизнесмендер, тіпті виолончелист те бар. Meduza-ның 1 наурыздағы хабарына қарағанада, Ресей президенттің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковқа да санкция салынған.

Владимир Путин
Владимир Путин. Фото: Михаил Климентьев/РИА Новости

Халықаралық спорт шаралары

Халықаралық олимпиада комитеті Украинадағы жағдайға байланысты Ресей мен Беларусь мемлекеттерінің туын желбіретпеуге, сонымен бірге кез келген деңгейдегі халықаралық жарыстарда екі мемлекеттің гимнін орындамауға үндеді.

Санкт-Петербург чемпиондар лигасының финалын өткізу құқығынан айырылды. Еуропа футбол қауымдастығы кеңесінің шешімімен матч Парижде өтетін болды. Бұған қоса, УЕФА Ресейде клубтар мен ұлттық құрамалардың матчтарын өткізуге тыйым салды.

Испанияның сыртқы істер министрі Хосе Мануэль Альбарес Еуроодаққа ресейлік спорт командаларын еуропалық жарыстардан шеттетуді ұсынды.

ФИФА Ресейдің ұлттық құрама матчтарын өткізуін тыйып, Ресейді халықаралық жарыстардың бәрінен шеттету мәселесін қарастырып жатыр.

Франция футбол федерациясының президенті Ноэль Ле Граэ 2022 жылы Катарда өтетін әлем чемпионатынан Ресей құрамасын шығару керек екенін айтты.

Халықаралық дзюдо федерациясы Владимир Путиннің осы ұйымның құрметті президенті және елшісі ретіндегі өкілетін тоқтатты.

Санкциялардың Ресей мен Украина арасындағы соғысқа әсері

Саясаттанушы, қоғам қайраткері Дос Көшімнің сөзінше, Ресейге қолданылып жатқан санкциялар әскери конфликтіні тоқтатуға ықпал ете алмайды.

Санкция әсерінен Ресей экономикасы жалғыз қалатын деңгейге жетті, бірақ бұл нәрсе соғысты тоқтата ала ма?! Мәселе осында. Санкция негізінен ұзақ мерзімге бағытталады. Оның салдары келекшекте көріне бастайды. Ал қазіргі әскери конфликтілер ары кетсе бір-екі айға созылады. Ресей де Украинадағы операциясын бір айға ғана жоспарлауы мүмкін. Ресейдің экономикасы оқшауланды, болашақта экономика, транспорт, қаржы жүйесіне зиян тиеді. Дегенмен дәл қазір Ресей мен Украина арасындағы жағдайға әсер етіп үлгермейді, — дейді Дос Көшім.

Саясаттанушы санкциялар кей жағдайда мемлекетті «сындыра алмайтынын» айтты. Оған Иранды мысалға келтірді.

Кейінгі уақытта саяси конфликті кезінде экономикалық немесе қаржы санкциясын салу басталды және кей жерде тиімді нәтижесін көрсетіп жатыр, бірақ мәселе санкцияның көлеміне, оның бағытына, деңгейіне байланысты. Мәселен, экономикалық санкциядан ең көп зардап шеккен Иранның өзі әлі күнге дейін сынған жоқ. Ол мемлекеттің көзқарасына, резервіне, идеологиясына да тікеле байланысты, — дейді Дос Көшім.

Ал халықаралық заңгер, Сүлейман Демирел университетінің оқытушысы Әйгерім Құсайынқызы Владимир Путинді халықаралық санкциялар емес, тек Ресей халқы тоқтата алатынын айтып отыр.

Меніңше, бұл санкциялар Путинді тоқтата алмайды. Оны тоқтатын бір ғана нәрсе бар, ол — Ресей халқының Путинге қарсы шығып, орнынан тайдыруы, бірақ олардың бұл қадамға баратынына да күмәнім бар. Себебі митингіге шыққан Ресей азаматтарын басып тастайды, репрессиялайды, интеллигенцияны қуып жібереді. Сонымен бірге Путин «досыңды жақын, жауыңды одан да жақын ұста» деген саясатты жақсы біледі. Кәсіпкердің бәрін өз қанатына алып, өзіне қарсы шыға алмайтындай етті. Меніңше, қазір Еуроодақ, бүкіл дүниежүзі болып Ресейден теріс айналсақ та, ол Путинді тоқтатуға себеп емес. Оның аннотациясынан, сөзінен «Ресей — ұлы империя», «Біз өзге әлемсіз өмір сүре аламыз», «Түрікменстан, Солтүстік Кореяның мысалында оқшауланып өмір сүре аламыз», «Біз емес, керісінше, Еуропа Ресейдің газына мұқтаж» дегенді естиміз. Мұны ол бұрыннан айтып келе жатыр. Ресей экономикасын оқшаулауға болады. Бірақ 90-жылғы Иран, 60-жылғы Куба сияқты мүлдем артта қалып қалады деп ойламаймын. Ресей территориясы, экономика потенциалы көпке болмаса да, біраз уақытқа дейін өзін өзі асырауға жетеді. Ресей экономикасы Қазақстандікі секілді шикізатқа бағытталған, импортқа тәуелді. Путиннің қолынан оның орнын басқамен басу келмейді. Сол нәрсені зиялы қауым түсінсе, Путинді биліктен құлатып, өз экономикасын құтқара алады, — дейді заңгер.

Әйгерім Құсайынқызы қазір Ресейге салынып жатқан халықаралық санкциялар Қазақстанның экономикасына да кесірін тигізеді дейді.

2009 жылы кеден одағы құрылып, 2010 жылы күшіне енді. 2015 жылы Еуразиялық экономикалық одақ атанған болатын. Оған Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Армения және Беларусь кіреді. Сол жердегі санкциялардан зардап шеккендердің бірі — біздің экономика. Оны біздің макроэкономика көрсеткіштері қанша жасыруға тырысса да, сандарға қарап, Қазақстан экономикасының кері кеткенін байқауға болады. Оның нәтижесі тек мұнай бағасының төмен түсуі емес екенін де ескерген жөн. Ресейге қойылған санкция бізге де әсер етеді, — дейді оқытушы.

«Себебі Қазақстан Ресеймен бір кемеде отыр. Кеме батып бара жатса, біздің аман қалуымыз мүмкін емес».