«WhatsApp пен Telegram-дағы чат-боттар және IVR-роботтар арқылы кеңес алумен қатар 2020 жылы біз видео-банкинг сервисін енгіздік. Ол клиенттерге депозит ашуға көмектеседі. Видео-банкирді толыққанды менеджер деп атай аламыз. Онымен HCSBK.KZ сайтында байланысуға болады. Қазір ашылып жатқан депозиттердің шамамен 20%-і осы әдіспен рәсімделеді», — деп атап өтті Отбасы банкінің қашықтан қызмет көрсету департаменті директоры Арсұлан Шерниязов.

Видеокеңесші банк бағдарламалары, олардың пайыздық үстемақысы туралы айтып бере алады, сізге қолайлы таңдау жасау жәрдемдесіп, тіпті ипотеканы онлайн рәсімдеуге де көмектеседі.

«Онлайн ипотека – бұл банк бөлімшесіне келгеннен еш айырмасы жоқ толыққанды операция. Яғни мұнда банк қызметкері барлық сұрағыңызға жауап беріп, биометрия арқылы клиентті анықтап, қажет операцияларды жүргізіп береді. Бұл бағытта біз үлгі ретінде вип-клиенттерге бастан-аяқ қызмет ететін консьерждің жұмыс тәсілін басшылыққа алдық», — дейді Арсұлан Шерниязов.

Бұрын несие алу үшін клиент банк бөлімшесіне орта есеппен 9 рет келетін. Жаңа қызметтің көмегімен екі-ақ рет бару керек болады.

Онлайн ипотека қызметін банк сайтында, сондай-ақ Баспана Маркет маркетплейсінде алуға болады. Клиент видеосервис арқылы кеңесшімен байланысады. Қажет болса видеобайланысқа басқа қалада, тіпті басқа мемлекетте тұратын қосалқы қарыз алушыны да қоса аласыз. Онлайн режимде банк маманы әр зайымшының табыс деңгейі мен несие тарихын тексереді. Осыдан кейін жүйе автоматты түрде алдын ала шешім сертификатын береді: онда несиенің сомасы, пайыздық үстемақысы және мерзімі көрсетіледі. Осы сертификатпен өзіңізге қолайлы үй іздеп, оған бағалау жүргізе аласыз. Бағалау дайын болған соң оператор видеобайланыс арқылы несие өтінімін рәсімдеуге көмектеседі. Банк мақұлдаған соң сату-сатып алу шартын бекіту үшін нотариусқа бару керек.

Фото: Отбасы банк баспасөз қызметі

Банк клиенттерінің бірі — Айна Хамет онлайн ипотека қызметін осы жылдың қаңтар айында алған екен. Ол жеткілікті шектен асқан зейнетақы жинағын бастапқы жарна ретінде қолданып, Отбасы банкінде пәтер алуға несие рәсімдепті.

«Операция бұлайша тез жүреді деп күтпедім. Қоңырау соғып, құжаттарды кеңесшіге телефон арқылы онлайн жіберіп, көрсеттім. Өтінім қабылданға соң 7-ақ минуттың ішінде банктің мақұлдауы келді. Құжаттардың түпнұсқасын тапсырып, қол қою үшін банкке шынымен екі рет қана бардым. Бәрі тез болды», — деп әсерін бөлісті Айна Хамет.

Отбасы банк қарқынды дамытып жатқан бағыттардың бірі – «Otbasy bank» мобильді қосымшасы. Қазірдің өзінде оның көмегімен бірқатар банк операциясын орындауға болады. Мәселен:

  • Алғашқы депозитті немесе зейнетақы жинағына арналған арнайы шотты ашу;
  • Қосымша депозит және ағымдағы шот ашу;
  • 1 млн теңгеге дейін жинағы бар депозиттерді бөлу немесе жабу;
  • Шарт сомасын, жинақ мерзімін өзгерту, депозиттерді біріктіру;
  • Несиенің бір бөлігін немесе толықтай жабу;
  • Ағымдағы шоттан өз атыңдағы басқа шоттарға немесе банк клиенттерінің шотына, сондай-ақ екінші деңгейлі банктердегі өз шоттарыңа 1 млн теңгеге дейін ақша аудару;
  • Депозит және несие бойынша көшірме, анықтама алу;
  • Несие бойынша өтеу кестесін қарау, басып шығару;
  • Отбасы мүшелерінің депозиті бойынша жалпы жинақты көрсететін «отбасылық пакет» жасау;
  • Мемлекет сыйлықақысы белгісін өзгерту.

Арсұлан Шерниязовтың айтуынша, мобильді қосымш және интернет-банкинг арқылы қазір банк қызметтерінің 30%-ін алуға болады, ал осы жылы Отбасы банк бұл көрсеткішті 50-60%-ке дейін арттыруды жоспарлап отыр екен.