Талапкерлер колледжге емтихансыз қабылданады

«2017 жылғы қыркүйектен бастап «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын енгізу мақсатында Білім және ғылым министрлігі мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп келесі шараларды қарастырды: Тегін техникалық және кәсіптік білімді барлық ниет білдірген 9 және 11 сынып бітірушілері, мектепті бірнеше жыл бұрын бітіріп, еңбек нарығында біліктіліксіз немесе жұмыссыз жүрген жастар алуға құқылы. Тегін техникалық және кәсіптік білім техникалық, технологиялық, ауыл шаруышылық, сервис және қызмет көрсету мамандықтары бойынша беріледі. Бұл мамандықтар бойынша жастар колледждерге емтихансыз, сұхбаттасу қорытындылары бойынша қабылданады. Жобаға қатысушы колледждер мен өңірлік еңбек нарығына қажетті мамандықтар тізбесін жергілікті атқарушы органдар бекітеді», — дейді ҚР БҒМ баспасөз хатшысы Ә.Әлібекова.

Білім министрлігінің мәліметінше, жұмысшы мамандықтар бойынша даярлықты арттыру және жастарда құзыреттілікті қалыптастыру мақсатында барлық колледжде ағымдағы жылғы қыркүйек айынан бастап екі деңгейлік модульдік бағдарламалар енгізіледі.

Олар студенттердің бірінші деңгейлі екі-үш жұмысшы біліктілікті және екінші деңгейлі орта буын мамандығын қабылдау емтихандардың қорытындылары бойынша тегін алуға, немесе ақылы негізде игеруіне мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, медицина, білім, өнер мамандықтары бойынша даярлық мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде жүзеге асырылады.  Ал құқық, экономика мамандықтары бойынша даярлық ақылы негізде жүргізіледі.

ДереккөзBaq.kz