Президент: Қазақстан жұмысшыларына лайық еңбекақы төленуге тиіс

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Лакшми Миттал «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының жұмысына қатысты бірқатар өзекті мәселені талқылады.

Фото: Akorda.kz

Президентке компанияның инвестициялық бағдарламасы және өндірісті ұлғайту, өнімнің жаңа түрлерін шығару, сонымен бірге Қазақстанмен алдағы уақыттағы серіктестік аясында әлеуметтік міндеттемелерді орындау жөніндегі жоспары туралы мәлімет берілді. Сонымен бірге құрал-жабдықтарды жаңарту, материалдық-техникалық базаны жақсарту, кәсіпорындардағы еңбекті қорғау мәселелері қарастырылды.

Мемлекет басшысы қауіпсіз жұмыс ортасын қамтамасыз етудің, халықаралық қауіпсіздік талаптарын сақтаудың және қызметкерлерді оқытудың аса маңызды екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық жұмысшыларға лайық еңбекақы төленуге тиіс екенін айтты.

Фото: Akorda.kz

Сонымен қатар «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының 2024 жылға қарай қалдықтарды 30%, ал 2030 жылға қарай 50% азайту, сондай-ақ осы стратегияны іске асыруға Қарағанды облысының жұртшылығын тарту үшін қабылдап жатқан шараларына ерекше назар аударылды.

Фото: Akorda.kz