Руслан Әлішев — Nur media холдингінің бас директоры

Nur Otan партиясының атқарушы хатшысы Асхат Ораловтың бұйрығымен Nur Media холдингінің бас директоры қызметіне Руслан Әлішев тағайындалды, — делінген хабарламада.

Руслан Әлішев — Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің және Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің түлегі.

Ол Солтүстік Қазақстан облысындағы жергілікті атқарушы органдарда, Петропавл ішкі саясат бөлімінің маманы қызметінен бастап, басқарма басшысы, облыс әкімінің орынбасарына дейінгі түрлі лауазымды атқарды.

Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің ақпарат комитеті төрағасының орынбасары болып істеді.

Екі жылдан астам Nur Otan партиясы орталық аппаратының саяси жұмыс департаментін басқарды.

2020 жылғы 19 мамырдан бастап 2022 жылғы 9 ақпанға дейін орталық коммуникациялар қызметінің директоры қызметін атқарды.

Еске салайық, 9 ақпанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Руслан Әлішевті орталық коммуникациялар қызметінің директоры қызметінен босатты. Оның орнына Алматы әкімінің бұрынғы орынбасары Ержан Бабақұмаров тағайындалды.